Жаңалықтар

Ревакцинацияға “QazVac”

Қазақстанда ревакцинацияның басталғанына бір апта болды. Оны бірінші болып медициналық қызметкерлер алуда. Бұдан кейін педагогтар, күштік құрылымдар қызметкерлері ревакцинация жасатады. Осы уақыт аралығында облыс бойынша 1 268 адам ревакцинация жасатты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдегендей, оның дені медициналық қызметкерлер. Сонымен қатар, диспансерлік есепте тұрғандар мен медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері де ревакцинация алуда.

Ревакцинация мерзімі алғашқы вакцина алған кезге байланысты. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес векторлық вакцина, яғни, «Спутник V» алғандар 9 айдан кейін, инактивтендірілген вакцина алғандар 6 айдан кейін қайта екпе алады. Бұл вакцинадан кейін ағзадағы антиденелер мөлшерінің біртіндеп азаюына байланысты.

– Егер антиденелер мөлшері азайса, ревакцинацияны мезгілінен бұрын жасатуға болады. Бірақ, оны дәлелдейтін құжаттар болуы қажет. Жалпы, COVID-19 аса қауіпті болғанымен, вакцинаға көнетін инфекцияларға жатады. Сол себепті де иммундау аса маңызды. Дегенмен, әлемдік медицина ғылымы вакцина беретін иммунитеттің күші белгілі бір мерзімнен кейін азаятынын көрсетті. Мәселен, векторлық вакцинадан кейін 9-12 ай, инактивтендірілген вакцинадан кейін 6 ай. Тіпті, ревакцинация жыл сайын қажет болуы да мүмкін. Дегенмен, медицина күн сайын дамып жатыр, зерттеулер жүргізілуде, – дейді алғашқы медико-санитарлық көмек орталығы директорының терапия бойынша орынбасары Светлана Витт.

Маман ревакцина алатын медициналық қызметкерлердің тізімін даярлап жатқандарын жеткізді.

– Бүгін облыстық балалар клиникалық аурухананың 50 қызметкеріне ревакцинация жасадық. Басқа қызметкерлерінің ревакцинациясын жоспарладық. Одан бөлек, облыстық клиникалық аурухана, психикалық денсаулық орталығы қызметкерлеріне ревакцинация жасау жоспарда бар. Басқа медициналық мекемелермен де осындай жұмыстар жасалуда. Әзірге ревакцинацияны тек медициналық қызметкерлер жасатуда. Бірақ, біз орталыққа қарайтын мектептермен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Онда біздің лицензияланған медициналық пункттеріміз бар. Педагогтарды сонда немесе осы орталықта ревакцинациялаймыз. Алғашқы вакцинация туралы мәліметтер республикалық вакцинация модулі бағдарламасында сақталған. Енді оған ревакцинация туралы үш тілдегі мәліметтер енгізілетін болады, – деді С.Витт.

Елдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес ревакцинация QazVac вакцинасымен жасалуда.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button