Республикалық жыр мүшәйрасы мәреге жетті
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен дауылпаз ақын Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық жыр мүшәйрасы өтті.
Қасым Аманжолов шығармашылығын насихаттай отырып, елдің жарқын жетістіктерін қара өлеңнің құдіреті арқылы дәріптеуді мақсат еткен жыр додасына 20-35 жас аралығындағы 40-қа жуық ақын қатысты. Қазақтың белгілі ақындары Ғалым Жайлыбай, Дәулеткерей Кәпұлы, Серік Ақсұңқарұлы, Қойлыбай Асанов, Жанат Жаңқашұлы қазылық еткен жыр мүшәйрасының Бас жүлдесі повладарлық Жоламан Әйткенге бұйырды. Жүлделі І орынмен әріптесіміз, облыстық “Ortalyq Qazaqstan” газетінің тілшісі Ерік Нарын марапатталды. ІІ орындар балқаштық талантты ақын Айдын Байыс пен Жезқазғаннан келген Сабыр Мақпалдың қанжығасына байланды.
ІІІ орындар Бақытжан Әлкебаев (Қостанай қ.), Апбасхан Балғын (Жетісай қ.), Әуезхан Ернұр (Арқалық қ.) сынды ақындардың еншісіне бұйырды. Ынталандыру сыйлығын Кәлім Абай (Шет ауданы), Кәмшат Хасен, (Қарағанды қ.), Олжабай Мәди (Сәтбаев қ.) еншіледі.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ