Республикалық турнирдің жалауы желбіреді
Қарағандыда 2011-2012 жылы туған кіші жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында жеңіл атлетикадан 61-ші республикалық турнир басталды. Жарыс 28-29 қаңтар аралығында Қ.Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінде өтіп жатыр. Сайысқа Жетісу, Қарағанды, Абай, Ақтөбе және Ұлытау облысынан келген 200-ден астам жасөспірім бақ сынауда.

Спортшылар жеңіл атлетиканың кедергілермен жүгіру, биіктікке секіру, ұзындыққа секіру, ядро лақтыру секілді түрлерінен күш сынасуда. Жарыстың бас төрешісі Александр Колмыков жарыс жолындағы үміткерлерге сәттілік тіледі . Айта кетейік, биылғы турнирге қатысушылардың саны былтырғыға қарағанда әлдеқайда артқан. Солардың ішінде, 50 метрге жүгіру сайысына ең көп қатысушы тіркелген.

Жарысқа қатысушылардың бірі қарағандылық Жанайым Адамбекова биыл осы турнирге төртінші мәрте қатысып отырған көрінеді.
– Жарыстың бірінші күнінде 50 метр қашықтыққа жүгірдім. Бұл – іріктеу турнирі. Іріктеуден өтсем, ақтық кезеңде бақ сынаймын. Сонымен қатар, ұзындыққа секіруден де күш сынаймын. Осыдан төрт жыл бұрын турнирге алғаш рет қатысқанымда қобалжу болған. Биыл көп тәжірибе жинап, жүлде үшін күресуге келдім. Маған командаластарым, жаттықтырушым үлкен сенім артып отыр, – деді Жанайым Нұржанқызы.

Абай облысы балалар мен жасөспірімдердің жеңіл атлетика спорт мектебінің жаттықтырушысы Оралбек Айткенов:
– Абай облысы жаңа облыс болып құрылғалы бері бірінші мәрте облыс құрамасы болып турнирге қатысып отырмыз. Сайысқа тоғыз қыз бен үш ұл әкелдік. Балалар ұзындыққа секіру, кедергілермен жүгіру сайысында бақ сынайды. Дебют болғандықтан қорқыныш бар. Бірақ, спортшыларыма сенемін, – деді Оралбек Маратұлы.

Аталған турнир 29 қаңтарға дейін жалғасады.
Дарина САМЕН,
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті филология факультетінің IV курс студенті.



