Білім

Республикалық байқаудан жүлдемен оралды

Алматыда Ш.Смағұлов атындағы мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатында «Бастау» XVI республикалық математикалық турнир өтті. Қазақстанның барлық өңірінен 2-4 сынып оқитын 150 оқушы бақ сынаған байқауда Қарағандыдағы С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясы мен №95 мектеп-гимназиясының оқушылары жүлдемен оралды.

 

Аталған турнирде қатысушылар жеке және командамен сынға түсті. Ал, қатысушыларға мамандандырылған оқу орындарындағы математика пәні оқытушылары қазылық етті. С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары Айзере Медеу мен Әсия Қаракесекова жекелей сында өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Сонымен қатар, олар топтық сынға да қатысып, ІІ орын иеленді.

– Байқауға оқушыларымыз бір жыл дайындалды. Осы аралықта олар қалалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Аталған турнирдің облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша, республикаға бірінші болып жолдама алдық – деді С.Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Назгүл Жұмабекова.

Ал, №95 мектеп-гимназиясының оқушылары топтық бәсекеде ІІІ орынға қол жеткізді.

– Бұл турнирге төртінші мәрте қатысуымыз. Биыл мектептен облыстық кезеңге 2, 3 және 4 сыныптан бір-бір оқушыдан қатысты. Турнирге қазақ және орыс тобынан екі команда іріктеліп алынды. Командамыз үлкен додаға дайындық барысында бір-біріне демеу болды. Берілген тапсырмаларды бірлесе орындады, – деді №95 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Елена Отрощенко.

Турнир қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте елордалық Республикалық физика-математика мектебінің командасы Бас жүлдені иеленді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button