Жаңалықтар

Республикалық қаржылық қауіпсіздік диктанты өтеді

10–20 қазан аралығында Қаржылық мониторинг агенттігі «Заң және тәртіп» және «Адал азамат» тұжырымдамалары аясында, «Аманат» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы мен «Халық Банкі» АҚ-ның қолдауымен республикалық қаржылық қауіпсіздік диктанты өтеді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Диктанттың негізгі мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, ақпараттандыру және қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

Іс-шара онлайн-тестілеу форматында ұйымдастырылады. Тапсырмалар деңгей бойынша бөлініп, мектеп оқушыларынан бастап зейнеткерлерге дейін әрбір азаматқа өз білімін тексеруге, пайдалы ақпарат алуға және қаржылық алаяқтықтан қорғану дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.

Қатысуға кез келген адам жасына немесе біліміне қарамастан шақырылады. Онлайн форматтың арқасында тесті смартфоннан, планшеттен немесе компьютерден тапсыруға болады.

Қатысушылар тесті шексіз рет орындап, алдын ала оқу материалдарымен таныса алады. Диктант соңында әрбір қатысушыға сертификат табысталады.

Ең жоғары балл жинап, тестті ең қысқа уақытта аяқтағандар іс-шара серіктесі – «Халық Банкі» АҚ-ның арнайы сыйлықтарына ие болады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button