Бас тақырыпБасты тақырып

Республика күнінде аймақта 350-ден астам іс-шара өтеді

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов Республика күнінде аймақта қандай іс-шараларға басымдық берілетінін айтты.

Сурет облыс әкімдігі сайтынан

– Облысымызда Республика күні мен Тәуелсіздік Декларациясының 35 жылдығына арналған іс-шаралар 15 қазаннан басталды. Облыстық жоспарға сәйкес 350-ден астам іс-шара өтеді. Барлық шаралар «Republic Day» брендімен ұйымдастырылып, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлауға бағытталған. Мәдениет мекемелерінде көрмелер, әдеби кештер, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылмақ. Мектептер мен колледждерде эссе, сурет байқаулары, сынып сағаттары өтеді. Жоғарғы оқу орындары мен колледждерде пікірталас турнирлері, дөңгелек үстелдер, спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Кәсіпорындарда еңбек ардагерлері мен үздік қызметкерлер марапатталады. «Туымыз төрімізде» акциясы аясында барлық елдімекендерде Мемлекеттік Ту ілінді. Әлеуметтік желілерде «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық челленджі басталды. Қазірдің өзінде 100-ден астам бейнеролик жарияланды, – деді Нұрлан Бикенов.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбай мәдени іс-шараларға тоқталды.

 – Қарағанды облысында Республика күніне арналған онкүндік басталды. 20 қазанда Теміртау қаласында патриоттық ән байқауы мен музейлік квест өтеді. Ал, 21 қазанда облыстық балалар кітапханасында әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылады. 20-23 қазан аралығында «Сарыжайлау» кинотеатрында тақырыптық бейнероликтер көрсетіледі. 25 қазанда Теміртауда балалар мен жасөспірімдер театры спектакльдер қояды. 26 қазанда арнайы форматтағы мәдени кештер өтеді. Басты іс-шара – 24 қазанда сағат 16:00-де С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өтетін салтанатты жиын. Концертте еліміздің тарихи жолы мен бірлік идеясы көрініс табады. Бағдарламада театрландырылған қойылымдар, патриоттық әндер мен би нөмірлері ұсынылады. Концертке Ренат Гайсин, Секен Тұрысбеков, «Алашұлы» тобы, Рухия Байдүкенова, Ербол Тажибаев, Айгерім Бекетаева және Ғалымжан Нұрмұхамед қатысады. Мерекелік шаралар барлық санаттағы тұрғындарға, соның ішінде, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді форматта өткізіледі, – деді Ғалымжан Өтелбай.

Ұлық мереке қарсаңыңда бірнеше басқарма басшысы өз салаларында атқарылған шаруалары мен жеткістіктерін қорытындылады. Облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев өнеркәсіп өндірісінің көлемін былтырғыдан 9%-ға арттыру жоспарланғанын айтты.

 – Жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 9%-ға өседі деп күтілуде. 10 айдың ішінде өндіріс көлемі 6,2%-ға артты. Оң динамика өңдеуші өнеркәсіптің негізгі салаларындағы өсім есебінен қамтамасыз етілуде. Металлургияда болат, шойын, прокат және мыс өндірісінің артуы, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісінде «Tengri Tyres» кәсіпорнында автокөлік шиналарының шығарылуы, машина жасау саласында «Silk Road Electronics» кәсіпорнында тұрмыстық техниканың құрастырылуы, «KazTehna» кәсіпорнында автобустар мен арнайы техниканың өндірісінің артуы басымдық беріп отыр. Инвестициялық салада 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 29 жоба іске асырылуда. Бүгінде 12 жаңа өндіріс орны пайдалануға берілді. Маңызды жобаларды атап өтсек, өнеркәсіпте — «Saran» индустриялық аймағындағы мырыштау және болат құбырлар зауыттары, теледидар мен кір жуғыш машиналарды құрастыру желісі, АӨК-де – сүт фермасы, көкөніс сақтау қоймасы және майлы дақылдарды өңдеу желісі, кәсіпкерлік пен саудада — Қарағанды қаласындағы супермаркет пен Теміртаудағы отбасылық демалыс және балаларды дамыту орталығы, – деді Асқар Ғазалиев.

Облыстық экономика басқармасының басшысы Дулат Ашкенов өңір экономикасы турасында баяндама жасады. Басқарма басшысының сөзінше, аймақ экономикасының дамуында оң динамика бар.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Төлеубеков Республика күнінің қарсаңында облыстың қалалары мен аудандарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтетінін мәлімдеді.

       Ерік НАРЫН

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button