Республика күні – тәуелсіздіктің алтын бастауы
Республика күні – тарих бетіне алтын әріппен жазылған тәуелсіздіктің алтын бастауы, елдік пен ерліктің мәңгілік жыры. Өткенге тағзым, бүгінге тағат, ертеңге үміт ұялатар ұлы мереке. Осыдан отыз бес жыл бұрын ұлт еңсесін тіктеген Егемендік декларациясы қабылданып, қазақ даласы азаттықтың таңын қарсы алды. Сол таңнан бері ел аспанында еркіндіктің Көк Туы желбіреп тұр. Бүгінгі Қазақстан – баба аманатына адал, болашаққа сенімді көзбен қарайтын мемлекет. Жаңғыру мен жасампаздықтың, өркендеу мен өрлеудің символы. Кеншілер өлкесінің қалың елі бірлікті байрақ, татулықты тұғыр етті.

Ел тыныштығын күзеткен сарбаз бен қоғамдық қауіпсіздікті қадағалаған полиция қызметкері, адам өмірі үшін арпалысқан дәрігер де, тілсіз жаумен айқасқан құтқарушы да – мемлекеттің мызғымас тірегі, халық сенімінің шырақшылары. Республика күні – бәрін біріктірген рух мерекесі, елдіктің ең биік үні. Президент Жолдауларындағы нақты тапсырмалар – болашаққа бастаушы шамшырақ. Сол шамшырақтың сәулесіндей, аймақта жүзеге асып жатқан жобалар – ертеңге адастырмай апарар берік көпір.
Әскер – елдің тірегі
Ел мерейін еселейтін осы мереке қарсаңында әрбір азамат өз Отанына адал қызмет етудің қадірін терең сезінеді. Ал, елдің тұтастығы мен тыныштығын қорғайтын сарбаздар үшін бұл күн – антына адалдықтың, борышқа беріктіктің шынайы белгісі. Күзгі салқынмен қатар, ел еңсесін көтерген ерекше рух – Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жастардың қадамы. Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылғы күзгі әскерге шақыру науқаны аясында еліміз бойынша 22 мыңға жуық жас Отан қорғау сапына қосылуда. Бұл –
мемлекетіміздің Қарулы Күштерін жаңа серпінмен толықтыратын маңызды кезең. Президент Жарлығына сәйкес, 30 желтоқсанға дейін жалғасатын бұл кампанияда 21 968 азаматтың сапында Қарулы Күштерге – 11 521, Ұлттық ұланға – 7 053, ҰҚК Шекара қызметіне – 2 700, Төтенше жағдайлар министрлігіне – 404, Мемлекеттік күзет қызметіне – 290 жас азамат аттанбақ. Биыл солардың қатарында Қарағанды облысының мыңнан астам өрімдей жастары әскер қатарына жіберілді. Бұл – кеншілер өңірінің ұл-қыздарының Отан алдындағы жауапкершілігі мен азаматтық намысының айқын көрінісі.
– Республика күні – әр қазақстандық үшін Отан алдындағы жауапкершілікті терең сезінуге шақыратын, елге адал қызмет етуге үндейтін ерекше күн. Әсіресе, жастардың бойында патриоттық рухты нығайтуда бұл мерекенің орны ерекше, – дейді «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары, тәрбие және идеологиялық жұмыстары басқармасының бастығы, полковник Ерболат Шерімбетов.
Қоғамдық қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік
Ұлттық мереке – ел тыныштығын күзеткен әр азаматтың жүрегіндегі серттің салтанаты. Өйткені, азат
елдің ең қымбат құндылығы – бейбіт өмір мен қоғамдық келісім. Сол тыныштықтың сақшысы – мызғымас тәртіп пен адал қызмет. Бүгінде облыста 5 мыңнан астам полиция қызметкері күн-түн демей қоғам қауіпсіздігі үшін еңбек етуде. Әрқайсысы – ел амандығының қалқаны, бейбіт таңның күзетшісі.
Аймақта жаңа бастамалар да өмірге келуде. Теміртауда ашылған әйелдерге арналған арнайы полиция бөлімшесі – соның айғағы. Бұл бөлімше тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетіп, сенім мен үміттің мекеніне айналды. Дағдарыс орталығымен бір ғимаратта орналасқан бұл бөлімшеде бірыңғай әйел мамандар – ювеналды полиция қызметкерлері, тергеушілер, жедел уәкілдер, заңгерлер мен психологтар қызмет атқарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың қауіпсіздігін сақтау – мемлекеттің басты міндеті» екенін атап өткен болатын. Осы үндеу аймақтарда нақты іске айналып, заманауи әдістер мен технологиялар күнделікті жұмысқа сіңуде.
Мәселен, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында Қарағанды қаласында «Оракул» және «Екин» интеллектуалды бақылау жүйелерімен жабдықталған патруль көліктері жұмыс істеп жүр. Нәтижесінде апаттар саны азайды.
Ерлік пен жанқиярлықтың үлгісі
Тәуелсіз елдің шынайы қуаты – оның тыныштығын қорғайтын, халқының өмірі үшін отқа да, суға да түсуге дайын ерлерінде. Биыл дәл Республика күнімен тұспа-тұс келген ерекше белес – Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толуы. Бұл – мыңдаған құтқарылған өмірдің, сансыз ерліктің, қажыр мен қайраттың тарихы.
Мемлекеттілік пен қауіпсіздік – егіз ұғым. Сондықтан, құтқарушылардың мерекесі мен Республика күнінің тоғысуы тағдырдың да, тарихтың да әділ үйлесімі. Өйткені, егемендік – елдің еңсесі болса, қауіпсіздік – сол еңсенің беріктігі. Қарағанды облысындағы төтенше жағдайлар жүйесінің қалыптасу жолы – Тәуелсіз Қазақстанның даму тарихымен қатар өрбіген шежіре. 1990 жылдардың басында облыстың өртке қарсы қызметінде небары 700-дей маман болса, бүгінде бұл көрсеткіш еселеніп, 1 986 кәсіби құтқарушыдан тұратын мықты ұжым қалыптасты. Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығы – ел үшін жанын шүберекке түйген ерлердің ерлік эпопеясы, Республиканың рухын айқындайтын адамдық биіктің көрінісі.
«Бірінші байлық…»
Бүгінгі Қазақстан экономикалық қуаты артқан, рухани жаңғырып, адам капиталына ерекше мән берген мемлекетке айналды. Ал, мемлекеттің ең басты байлығы – оның халқы, адам өмірі, ұлт саулығы. Қарағанды облысы соңғы жылдары бұл бағытта жүйелі реформалар жүргізіп, халықтың өмір сапасын арттыру жолында ауқымды істер атқаруда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат
Кенжибаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдарда алғашқы медициналық көмек көрсету нысандарының құрылысы кең көлемде жүріп жатыр. Халықаралық стандарттарға сай жабдықталған емдеу мекемелері, инновациялық технологиялар, цифрлық шешімдер – мұның бәрі өңірдің медициналық әлеуетін жаңа белеске көтерді. Көпсалалы облыстық балалар клиникалық ауруханасында Германия мен Израильде тәжірибе жинақтаған нейрохирургтар қызмет етуде. Мұнда ең күрделі операциялар жасалып, «Қамқорлық» ерте даму орталығы арқылы неврологиялық диагнозы бар балаларға жаңа өмірдің есігі ашылуда.
Ал, профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың нейрохирургтары елімізде алғаш болып жасанды интеллектпен жабдықталған Remebot RM-200 жүйесін қолдана бастады.
– Бұл аппарат миға жасалатын аса күрделі операцияларды жоғары дәлдікпен орындауға мүмкіндік береді. Жылына 300-ден астам жоғары технологиялық операция жасауға жол ашады, – дейді Самат Кенжибаев.
Ғылым мен тәжірибенің, техника мен адамгершіліктің тоғысында осындай жетістіктер көзге көрінеді.
Жәлел ШАЛҚАР
«Ortalyq Qazaqstan»



