Respublica партиясы республикалық референдум қорытындысы бойынша мәлімдеме жасады

Миллиондаған қазақстандық сайлау учаскелеріне барып, елдің стратегиялық таңдауы шешіліп жатқанын айқын сезінді. Референдумға қатысу құқығы шамамен 12,5 миллион азаматқа берілді. Дауыс беруге олардың 73,12 пайызы, яғни 9,1 миллионнан астам адам қатысты. Референдумға ұсынылған шешімді дауыс берушілердің 87,15 пайызы — 7 миллион 954 мың 667 азамат қолдады. Бұл көрсеткіштер қоғам сенімінің айқын көрінісі әрі Қазақстан азаматтарының ел болашағы үшін жауапкершілік алуға дайын екенін дәлелдейді. Қоғам мемлекеттік даму бағыты төңірегінде жоғары деңгейдегі бірлік танытты.
Референдум қорытындылары саяси реформаларды іске асыру мен мемлекеттік жүйені жаңғырту жолындағы маңызды кезеңге айналды. Қабылданған өзгерістер саяси институттарды жаңартуға, демократиялық тетіктерді дамытуға және азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
Respublica партиясы осы үдерістің дайындық кезеңіне белсенді қатысты. Партия өкілдері парламенттік реформаларды талқылауға қатысып, Конституциялық комиссия құрамында, кейіннен Жалпыұлттық коалиция аясында жұмыс істеді. Референдумға дайындық барысында партия құрылымдары ел көлемінде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмысқа партияның жүздеген мүшесі, ReWomen және ReJastary қоғамдастықтарының белсенділері мен еріктілері атсалысты.
Осы кезеңде өңірлерде еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен, жастармен, қоғамдық ұйымдармен және тұрғындармен бір жарым мыңнан астам кездесу мен іс-шара ұйымдастырылды. Ашық диалог барысында конституциялық өзгерістердің экономикаға, кәсіпкерлік ортаға, әлеуметтік инфрақұрылымға және өңірлердің дамуына ықпалы кеңінен талқыланды.
Respublica партиясы бұл жұмысты жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан өңірлік филиалдарына, партия белсенділеріне және еріктілеріне шынайы алғысын білдіреді.
Бүгін мемлекеттік институттардың, саяси партиялардың және азаматтық қоғамның алдында ортақ міндет тұр. Ол – қоғамдық бірлікті сақтап, қабылданған шешімдерді іс жүзінде жүзеге асыруға жұмылу. Бұл еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, мемлекеттік институттарды нығайтуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Respublica партиясы референдум қорытындыларын Қазақстан мемлекеттілігін одан әрі нығайту мен демократиялық институттарды дамыту жолындағы маңызды кезең ретінде бағалайды. Партияның Мәжілістегі фракциясы қабылданған шешімдерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге, сондай-ақ экономиканы дамытуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде қолдайтын болады.
Референдум басты нәрсені айқын көрсетті: қазақстандық қоғам елді жаңарту бағытын қолдайды және оның әрі қарай дамуына белсенді қатысуға дайын.
Respublica партиясының баспасөз қызметі



