Респонденттердің 86,5%-ы Жаңа Конституция жобасын қолдайды
Қоғамдық саясат институты жүргізген сауалнама Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы жөнінде халықтың хабардарлық деңгейі жоғары екенін көрсетеді. «Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасы туралы естідіңіз бе?» деген сауалнама сұрағына респонденттердің 87,5%-ы құжатпен белгілі бір деңгейде таныс екенін білдірген: олардың 34,2%-ы мазмұнын жақсы білетінін айтса, тағы 53,3%-ы жоба туралы естігенін, бірақ егжей-тегжейімен таныс емес екенін жеткізген. Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқандардың 12,5%-ы бұл туралы ештеңе естімегенін мәлімдеген.

Жаңа Конституция жобасын қолдау деңгейі («Бұқаралық ақпарат құралдарында жаңа Конституция жобасы жарияланды. Сіз осы жобаны қолдайсыз ба?») айтарлықтай жоғары. Сауалнамаға қатысқандардың 86,5%-ы жарияланған жобаны қолдайды: 48,4%-ы ұсынылған өзгерістерді толықтай құптайды, ал 38,1%-ы жекелеген баптары мен ережелерін мақұлдайды. Сонымен бірге құжат мәтінімен жақсы таныс респонденттер арасында қолдау деңгейі ақпараттану деңгейі төмен топтармен салыстырғанда едәуір жоғары екені байқалады.
Референдумға ықтимал қатысу деңгейі 70,7% көлемінде бағаланады («Сіз жаңа Конституция жобасы бойынша өтетін референдумға дауыс беруге барасыз ба?»). Сонымен қатар, респонденттердің 11,6%-ы дауыс беруге қатысуды жоспарламайтынын білдірсе, 17,7%-ы әлі нақты шешім қабылдамаған.
«Жаңа Конституция жобасында көрсетілген төмендегі баптар мен нормаларды сіз қолдайсыз ба, әлде қолдамайсыз ба?» деген сұраққа берілген жауаптарға сәйкес, жоба нормаларының ішінде ең жоғары қолдауға ие болғандар: табиғатқа ұқыпты қарау қағидатын бекіту (94,3%), мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бекіту (87,8%), сондай-ақ цифрлық ортада азаматтардың жеке деректерін қорғау (87,7%). Аталған ережелерге қатысты оң көзқарас барлық әлеуметтік топтарда көрсетіліп отыр.
Сауалнаманы Қоғамдық саясат институты «AMANAT» партиясының тапсырысы бойынша ұлттық репрезентативті іріктеме негізінде 9–18 ақпан аралығында жүргізді. Іріктеме көлемі – 18 жастан асқан 8000 респондент (17 облыс, Астана, Алматы, Шымкент қалалары). Іріктеме қателігі – ±1,19%. Деректерді жинау әдісі – жаппай сауалнама (face-to-face). Сауалнама Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясын жазбаша хабардар ету арқылы, Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңына сәйкес өткізілді.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



