Бас тақырыпМәселе

Ресейлік тіркеудегі көліктер дауы: себеп пен салдар

Арзан деп алыс-жақын шетелді аралап кеткен ағайын, БАӘ, Армения, Қырғыз елдерінен көліктерді жаппай сатып ала бастады. Он жыл бұрын. Дегенмен, айғай-шумен бұл мәселеге нүкте қойылғандай болып еді…

ӨТКЕННЕН САБАҚ АЛМАДЫҚ

Бұдан он жыл бұрын алғаш қырғыз нөмірлі көліктердің дауы (2011-2012 жылдар) басталса, кейін Ресейден көлік тасығанда (2014- 2015 жылдар) тағы бір дүрліктік. 2020 жылы бұл тізімге Армения қосылды. Ресей, Беларусь және Қазақстанға ортақ техникалық регламент Қырғыз елінде тек 2018 жылғы 12 ақпаннан қолданыла бастаса, Арменияда 2020 жылғы 2 қаңтардан бастап қана күшіне енді. ІІМ 2020 жылдан бастап Армениядан келген көліктер елімізде тек бір жыл тіркеусіз жүруіне болатынын, ал ол мерзімнен асса, мемлекет аумағынан шығарылатынын мәлімдеді. Көлікті Қазақстан аймағында жүргізу үшін оны уақытша тіркеуге қою керек. Уақытша тіркеу 2020 жылдың 1 маусымынан басталды, 2021 жылдың 1 наурызында тіркеу аяқталды. Осы уақыт ішінде Армениядан әкелінген 18 мыңға жуық көлік тіркелген, оның ішінде 3 мыңға жуық көліктің басқару тетігі оңнан солға ауыстырылған. Ал, шетелге шығарылған автомобильдер Арменияның уәкілетті органдарында тіркелді. Оларға басқа мемлекетте тұрақты тіркеуге тұрған көліктерге арналған «сары нөмір» берілді. Бұл жағдайда нөмір автокөлік иесінің нақты тұрғылықты жері бойынша аймақ кодымен бірге беріледі (01-ден 17 өңірге дейін). «Сары нөмірді» пайдаланудың уақыттық шегі жоқ. Жүргізушінің қалауына қарай ауыстыруға болады. Сары түсті нөмірлі көлік Армения елінде тұрақты тіркеуде тұрғандықтан, ол Қазақстан аумағында сатылмайды, басқа адамның атына жазылмайды. Мұндай көліктерге қазақстандық нөмір тек тұрақты тіркеуге тұрғанда ғана беріледі. Сөйтіп, Армениядан әкелінген көліктерге «сары нөмір» беріп құтылған болатын. Өткеннен сабақ алмадық. Неге?

БҰЛ ЖОЛҒЫ ДАУ ДА ОҢАЙ ЕМЕС

Енді міне тағы да дау басталды. Бұл жолы ресейлік тіркеудегі көліктерге байланысты. Ел аумағында шетелдік көліктерді жаппай тексеру шарасының қолға алынуына тамыз айында ІІМ-нің Мемлекеттік кірістер комитеті және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, ресейлік тіркеудегі көліктерді тексеруі түрткі болған. Оның барысында Қазақстанға қылмысқа қатысы бар көліктер әкелінгені туралы көптеген факті анықталған. Сондай-ақ, жалған құжат арқылы автокөліктерді әкелу бойынша 10-ға жуық дерек ашылған. Одан бөлек, Ресейде тіркеу тізілімінен шығарылған 150-ге жуық көліктің ел ішінде қолданыста жүргені мәлім болған. «Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі Қазақстанда шетелде тіркелген барлық көлік бойынша сақтандыру компанияларына сауал жолдады. Бұл ақпарат Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігіне тексеруге жіберілді. Қазақстан аумағындағы ресейлік тіркеудегі 88 мың автокөлік Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігінде белгіленген тәртіпте тіркелмегені немесе сатылғаны белгілі болды», – деді ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Серік Түсіпов мәселені түсіндірген арнайы жиында.

Бұл көліктер не Қазақстанның, не Ресей құзырлы органдарының есебінде жоқ болып шыққан. Ал ондай «темір тұлпармен» жолда жүру – ережеге қайшы. Қысқасы, Ресей нөмірлі көліктерді мініп жүрген жүргізушілердің басым көпшілігі көліктерінің Ресейде де, Қазақстанда да тіркеуде жоқ екенін мойындайды. Өйткені, машинаны сатып алғанда бұрынғы иесі салық төлемес үшін автомобильді тіркеуінен шығарып береді. Ал, бірақ, сатып алған көлігін елге әкеліп тіркетейін десе, оның құны көліктің өзінің бағасынан екі есе қымбат. Қарапайым автосүйер қауымды қинайтыны да осы.

ЖҮРГІЗУШІЛЕР НЕГЕ НАРАЗЫ?

Жол полициясы ресейлік нөмірлі көліктерді тоқтатып, айып тұрақтарына жаппай тоғыта бастаған алғашқы күндері-ақ Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақтөбе, Семей, Орал, Қызылорда қатарлы бірқатар қалада жүргізушілер топталып, наразылық акцияларын өткізді. Мәселен, 8 қараша күні 100-ден астам жүргізуші халыққа арнайы қызмет көрсету орталығына жиналды. Олар көліктерін полицейлер жөн-жосықсыз тексеріп, айып тұрағына жауып жатқанына шағымданды. Оларға жол полициясының өкілдері «егер көліктің» барлық құжаты дұрыс болса, қайтып аласыңдар» деп жауап қатқан екен. Жиналғандар: «Армениядан әкелінген көліктерге берілетін сары нөмірді бізге де берсін немесе мемлекеттік тіркеуді қарапайым халықтың қалтасы көтеретіндей етіп арзандатсын» деп талап қойды. Жүргізушілердің кейбірін барлық құжаты дұрыс болса да көліктерін айып тұрағына қойған полицейлердің әрекеті ашуландырыпты. Мысалы, қолында машинасының техникалық паспорты мен 3 жылға сенімхаты бар Ардақ Бакенов деген азамат былай дейді: «Ресейден алдым көлікті. Бағасы әлдеқайда арзанға шықты. Және «состояниесі» де жақсы. Жақында ешқандай ережені бұзбасам да мені тоқтатты. Құжатымның бәрі дұрыс. Машинаны «тіркеуде жоқ» деп айып тұрағына қамады. Енді не істеймін? Бұлай болады екен, неге шетелден көлік алуға рұқсат береді? Соған таңым бар?»,– дейді ол күйініп.

«ҮЙДІҢ АЛДЫНАН АЛЫП КЕТТІ»

.. Әрине, ішкі нарықта жүрген көлікті алғаннан шетелден әкелу арзанға түседі. Бұл АҚШ долларының бірден «секірген» уақытында болды. Қазақстанға тек Ресейден әкелінген көліктің нақты санын ешкім айтып бере алмайды. Алаяқтардың айласына түсіп қалғандар да жетерлік. Жақында бір жігіт осындай бір оқиғаның шетін шығарды. «Ауылға 6-7 миллион теңге ресейлік тіркеудегі көлікті теуіп келді ауылдасым. Біраз уақыт жүргізді. Алайда, сол елден көліктін нақты иесі келіп алып кетті. Сөйтсек, GPS-анықтауышы бар екен. Сол арқылы тауып алыпты» дейді. Аңғал қазақ ақшадан да, көліктен де айырылды. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. «Мұндай жағдайда не істеу керек?». Осы сұрақ әр шетелдік көлік алғысы келетін адамда туындаса керек.

Олай болса, тәртіп сақшыларының сөзіне жүгінейік. Олар болса былай дейді: «Ресейден тасымалданған көлікті кедендік тіркеуден өткізу қажет емес, бірақ ел ішінде есепке қою үшін утилизациялық алым мен бастапқы тіркеу сомасын төлеу керек. Дегенмен, ресейлік нөмір таққан көліктер тіркеуі мен құжатында ешқандай сәйкессіздіктер болмаса да республика аумағында бір жылға дейін ғана жүре алады, бірақ кесімді мерзім өткеннен кейін кемінде бір айға елден шығарылып, сосын Қазақстанда қайтадан пайдалана беруге болады. Сондай-ақ, көліктерді сатып алу-сату шарты бойынша қазақстандықтар 10 күн ішінде Қазақстанда тіркеуден өтуі керек. Ал жоғарыдағы талаптарға сай келмейтін техниканы қолдануға тыйым салынды».

Жақында осы жағдай туралы облыстық полиция департаменті де арнайы хабар таратты.

Онда: «8(7122) 98-23-09 немесе +7702 707 81 81 Whats App нөмірі арқылы Ресей Федерациясында тіркеудегі Қазақстан аумағына кірген автокөліктер туралы сұрақтарыңызға жауап алуға болады. Облыстық Полиция департаменті шетелде тіркеуге қойылған көлік иелеріне сақ болу қажеттігін ескертеді және шетел автокөліктерін сатып алар алдында Әкімшілік полиция немесе Жергілікті полиция қызметі басқармасына келіп тексеріп алуға мүмкіндік бар.

Көрші елдің тіркеу нөмірі болса да, ол жақта тіркеуде тұрмаған көліктерде аз емес. Ал, ондай автомобильдерді тіркеуге қойғаннан кейін ғана пайдалануға болады.

Оның ішінде шетелдік көліктер ұрланған немесе бұғатта тұруы мүмкін. Ондай автокөліктер тәркіленіп, иесіне қайтарылады.

Қазақстан аумағында жалған тіркеу нөмірі мен құжаты бар 100-ден астам Ресейлік автокөлік анықталған. Бұны сатып алған адам көлік Ресейде тіркеуде тұр деп ойлайды. Егер ол сенімхатпен немесе сақтандыру полисі негізінде сатылса, иесі көлік салығын төлеймін деп кез келген уақытта одан бас тартады. Ал қазақстандық жүргізуші жол апатына түссе, сақтандыру төлемін ала алмайды. БҰҰ-ның жол қозғалысы конвенция талаптарына сәйкес, шетелдік көліктер Қазақстан Республикасы аймағында бір жыл ғана жүре алады. Кейін оны елден шығару қажет. Ал заң талаптары орындалмаса, әкімшілік шаралар қолданылатынын естеріңізге саламыз. Есептен түскен автокөлік талапқа сәйкес 10 күн ішінде есепке қойылуы тиіс» делінген.

ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

Ресейден көлік алғандар, егер құжат дұрыс рәсімделген болса тыныш ұйықтай алады. Ал, заңсыз болса, әрине ойлануы керек-ақ. Жақында ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары Серік Түсіпов Ресейде тіркелген, жол ережесін бұзбаған көліктер тоқтатылмайтынын да жеткізді. «Ресейден келген 120 мыңға жуық автокөлік жол қозғалысы туралы заңның талаптарына сай қолданылады. Оларға қатысты шағым жоқ. Олар Қазақстан жолдарында бір жылға дейін емін-еркін жүре алады. Ресейлік нөмірлі көліктердің жүргізушісі жол ережесін бұзған жағдайда ғана тоқтатуға болады», – деді ол.

Даулы мәселе бойынша прокуратура өкілдері де түсінік берді. Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев бұл талаптардың заңды екенін, сондықтан шу шығарып жүрген меншік иелерінің заңға бағынуы керек екенін айтты. «Бұл – өз қауіпсіздігіңізді, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Кез келген азамат көлікті тіркеуі керек»,– дейді Әсет Шындалиев.

Әрине, әркім, жақсы көлік мінгісі келеді. Ол, әрі арзан болса. Бірақ, «айдалада батпан құйрық, тегіннен тегін жатқан құйрық» дегендей, алаяқтарға жем болып, ақшадан да, көліктен де айырылып қалу кімге болса да оңай емес. Әйтсе де, заңның аты заң екендігін ұмытпасақ екен.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button