Ресейде коронавирустың жаңа түрі тіркелді
Ресейде коронавирустың NB.1.8.1 жаңа генонұсқасын жұқтырудың 4 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды ortalyq.kz BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап. Бұл туралы РФ тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адам әл-ауқатын қадағалау жөніндегі федералдық қызметі мәлімдеді.

– Коронавирустың осы жаңа генонұсқасын жұқтырудың 4 жағдайы анықталды. Бұл белгілі бір деңгейде алаңдатушылық тудырады, – деді ведомство басшысы Анна Попова.
Айта кетерлігі, аурудың ағымы әдеттегі COVID-ке ұқсас.
Індеттің жаңа нұсқасы Қытайда, Үндістанда және АҚШ-та таралып жатқаны белгілі. Сондай-ақ Азияда вирус күрт көбейген. Әсіресе Қытай, Сингапур зардап шегуде.
Нақтырақ айтқанда, NB.1.8.1 алғаш рет 2025 жылы қаңтарда анықталған.
Еске салайық, мамыр айында еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі Азияда COVID-19-дың көптеп таралуына байланысты мәлімдеме жасаған болатын.
Ведомствоның айтуынша, республикамызда әлемдегідей “омикрон” штамы бар.
Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.