#RepublicDay – жастар көзімен
Республика күні қарсаңында ел жастары #Республикакүні мерекелік челленджін бастады. Алғашқылардың бірі болып, облыстың Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Жасұлан Хамитов қатысты.
– 2022 жылы Президентіміз Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтарды. Республика күнінде еліміздің Туы әрқашан асқақтап, келешегіміз көркейе берсін. Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбегіміз табысты болсын. Жастардың қолға алған барлық бастамаларына сәттілік, ертеңімізге сенімділік тілеймін. Республика күніне орай жастар арасындағы #RepublicDay акциясын аудан, қала, облыс орталықтарындағы белсенді жастарға жолдаймын, – деді Жасұлан Хамитов.
Сондай-ақ, челленджге қатысушы белсенді жастар мереке аясында әлеуметтік желідегі парақшаларында өздері айналысатын қызықты жұмыстарымен бөлісуде.
– Бүгінгі таңда егемен еліміздің қолдауымен сүйікті ісімізбен айналысып жүрміз. Қарқаралы ауданының «Көкпар» құрамасының мүшесі және облыс, республика деңгейінде көкпар ойындарының жүлдегерімін. Сонымен қатар, «JasStar» волонтерлер желісі қатарында еріктімін. Ұлттық мереке қарсаңында еліміздің егемендігі баянды әрі берекелі болсын, – дейді Абдулкәрім Сайлаубай.
Акцияға облыстың Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау, Абай аудандарының және Теміртау, Шахтинск қалаларының жастары белсенді қатысып, құттықтау бейнежазбаларын жолдап жатыр.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz