Руханият

«GN Ғалымжан Нарымбетов»: Репертуарда кілең классика

Кеншілер мәдениет сарайында күйші-композитор, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушы Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдығына орай «GN Ғалымжан Нарымбетов» ансамблінің концерті өтті. Ансамбль репертуарында Тәттімбет Қазанғапұлының, Құрманғазының күйлері, Абайдың әндері, Нұрғиса Тілендиевтің, Жанбота Тұяқбайдың, жас композиторлар Данияр Бержапырақовтың, Арман Жайымның шығармаларымен қатар халық күйлерінен күй тартыс өнері қамтылған.

Суреттер Кеншілер мәдениет сарайының баспасөз қызметінен

Концертте әйгілі музыкатанушы, ғалым Болат Сарыбай ежелгі Отырардан табылған сазсырнай, уілдек, құссайрауық секілді аспаптарда Эльмира Қашқымбаевамен бірге күй орындады. Тәттімбет күйлері басқа да халық аспаптары арқылы орындалды.

Ансамбль музыканттары жа­һан­дық музыканың шедеврлерін де орындады. Тізімде аргентиналық Астор Пьяццолла мен француз Ришар Гальяно танголары бар. Ансамбльда Диана Макина мен Дәурен Раев есімді жерлестеріміз де өнер көрсетеді.

Баян, бандонеон, аккордеонда ойнайтын ансамбль жетекшісі, Ғалымжан Нарымбетов ансамбльге кез келген композицияны жоғары деңгейде ойнайтын шебер музыканттар жасақталғанын айтты.

– Көрерменнің ықыласына бөлену үшін, әлбетте, талантты музыканттар керек. Содан кейін репертуарға кілең классиканы алу – шарт. Әсіресе, қарағандылықтардың шеберлігін атап өткім келеді. Қарағанды – таланттардың өлкесі. Өнерлерін жоғары бағалаймын! Арқа тыңдармандарының өнерге, соның ішінде, музыкаға деген іңкәрлігі мені тәнті етті, – деді Ғалымжан Нарымбетов.

Ансамбль АҚШ-та өткен «Accordion Star International», Ұлыбританияда өткен «Euro Music Festival» халықаралық фестивальдерінде Гран-при алды. Италия, Франция, Швейцария, Бельгия, Ресей елдерінде өткен халықаралық байқауларда да лауреат атанған. Ансамбль Париждің атақты Гаво залында өнер көрсетті.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button