Өрендер өнерімен тамсантты
Алаш ақтаңгері Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығы аясында Қарағанды облысындағы білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ұйытқы болуымен «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушыларының қатысуымен «Әйел-Ана» әдеби ертегісінің желісімен жазылған «Күншуақ елі» атты III бөлімді әдеби-музыкалық қойылым сахналанды.
Ұлт руханияты жолында өлшеусіз қызмет еткен, өнерге, ғылымға ерекше еңбек сіңірген тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған қойылымды педагогикалық қоғамдастық, ЖОО, жергілікті БАҚ өкілдері, сондай-ақ меценаттар тамашалады.
Аталған білім ордасының ұстаздары мен оқушыларының бірігуімен дайындалған қойылымның көркемдік жетекшісі қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, жоғары санаттағы ұстаз Назиха Жашкеева. Сондай-ақ, көріністің әсерлі де сәтті шығуына жоғары сынып оқушылары зор үлес қосты. Ертегі желісіне қарай Led экран арқылы көркем көріністер, әдемі бейнесюжеттер қоса көрсетіліп отырды.
Ақселеу Сланұлы – сөз өнері мен ән өнерінде, журналистік пен жазуда һәм ғылымда өз ізін қалдырған тұлға. Жазушы шығармасын сахналау мектеп қабырғасындағы оқушыға ғана емес, тәжірибелі актерлерге де қиындау болар еді. Алайда, «Дарын» мектебінің оқушылары «Әйел-Ана» рөлін һәм ол қойылымның айтпақ ойын көрерменге түсінікті етіп жеткізе білді.
Ерте кезде ғажайып бір өлкеде мамыражай тірлік кешкен, кішісі үлкенін сыйлаған, үлкені кішісіне қамқор болған, ер көңілді жігіттері, ақылына көркі сай ару қыздары бар, ынтымағы жарасқан Күншуақ деген ел болыпты. Сол елдің айрандай ұйыған тіршілігін көре алмаған, түгін тартса, майы шығатын жеріне қызыққан жау тұтқиылдан шабуыл жасап, қапыда қалған жұртты тұтқын қылып, кіріптарлыққа ұшыратады. Тас қамалдағы тұтқындарға жау ханының жарлығы жеткізіледі. Бірақ оның түпкі ойы елдің еңсесін түсіріп, мүлдем тоздырып, өзіне түбегейлі бағынышты ету болатын. Жұртты бағынышты еткісі келген оның қулық жасырынған жарлығына сол елден шыққан Әйел-Ана тосқауыл болады. Сөйтіп, хан сөзінің екі болмайтынын алға тартып, ақылымен, тапқыр шешіміме айша, Әйел-Ананың ақыл-парасатының арқасында Күншуақ елі аман қалады. Әйелді бұрын да қадір тұтатын Күншуақ елінің осы оқиғадан кейін Әйел-Анаға деген сый-құрметі, тіпті, ерекше болғандығы айтылады. Тіпті, халықтың ең асыл мұрасы тіл болса, оны да, «Ана тілі» деп, Әйел-Ананың ақ сүтінен даритын құдірет-қасиетке балапты.
Ертеден ертегімен санада сан сақталған осынау дастани оқиғаны көрермен қауым жадында қайта жаңғыртып, шығарманың түпкі негізіне бойлағандай. Көптің көңілі кешегі Әйел-Ананың батылдығына қайран.