Рекордтық түсім: Қарағанды қамбасы – миллионер
Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдап, агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамыту және азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берген болатын. Ал, бұл жылы Қарағанды облысында егін ору жұмыстары жоспарға сәйкес табысты жүргізілді. Жалпы, облыс бойынша 909,3 мың гектар алқаптан, орташа түсімі гектарына 15 центнерден 1,3 млн. тоннадан астам астық жиналды. Бұл – өңіріміздегі өте жоғары көрсеткіш. Толығырақ өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында кеңінен мәлім болды.
Президент тапсырмасы бойынша биыл Үкімет көктемгі егіс және астық жинау науқанын оңтайлы жүргізу үшін қажетті жағдайдың барлығын жасады. Саланы жеңілдікпен қаржыландыру көлемі бірінші рет 3 еседен астам ұлғайтылып, рекордтық көрсеткішке, яғни, 580 млрд теңгеге жеткізілді. Бұл қаражат диқандарды тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені төмендетуге және форвардтық сатып алуға жұмсалды. Сыйақы мөлшерлемесін төмендету «Бәйтерек» холдингі коммерциялық қаражатты тарту сатысында жүргізілді. Келесі жылы қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыру кезінде осындай тетік іске қосылады. Жалпы, агробизнеске мемлекет тарапынан тұқым мен тыңайтқыш сатып алудан бастап, экспорттық қолдауға дейінгі барлық кезеңде жан-жақты көмек көрсетіледі.
– Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда, агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы.
Аталған салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек, – деп атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында.
Сайып келгенде мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады. Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. 2024 жылы картоп жинау да айтарлықтай табысты болды. Шаруашылық құрылымдары 11,3 мың гектар алқаптан 299 мың тоннаға жуық өнім алып, аймақтың ішкі қажеттілігі артық мөлшерде қамтылды.
– Бұған, ауыл шаруашылығы техникаларын дер кезінде дайындау, жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдау бойынша уақытылы ұйымдастырылған дайындық іс-шаралары өз ықпалын тигізіп, 9 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өндірісінің нақты көлем индексі 116,7%-ды құрады, – деп атап өтті облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин.
Астық оруда, жоғары түсім көрсеткішіне облыс бойынша Абай, Бұқар жырау, Нұра және Осакаров аудандарының шаруашылықтары қол жеткізсе, картоп түсімінің жоғары көрсеткіші Нұра, Шет және Осакаров аудандары ауыл шаруашылығы құрылымдары бойынша шықты. 33,6 мың гектар алқаптан 23,4 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Алынған өсімдік шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған қоймалар көлемі де жеткілікті. Картоп пен көкөністерді сақтау үшін сыйымдылығы 340 мың тоннаны құрайтын 137 картоп-көкөніс қоймасы бар.
Ағымдағы жылғы егін ору науқанына 2 021 астық, 68 картоп комбайндары және 74 картоп қазғыш техника, сонымен бірге 3500-ден астам техника қырман жұмысына қатысты. Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау үшін 81 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 2 млрд 113 млн теңге сомасында субсидия төленді.
– Толассыз жауған жауын-шашын несібемізді молайтқаны рас. Кейінгі жылдардағы қуаңшылықтан соң қарызданып-қауғаланып қалған шаруалар қауымы жиған өнімін өткізіп, жонындағы жүгі жеңілдеп қалатын болды. Осылайша агроөнеркәсіп кешені тұтасымен күш алғаны көңілге дәт. Ендігісі – өнімді терең өңдеу. Осы бағытта да ел мақтар межені бағындырсақ, нұр үстіне нұр. Нарықтағы баға саясаты да жолға қойылған. Сұраныс жоғары. Сондықтан, жер тәрізді бай болып, су тәрізді қуатты болайық, – деді «Шанс» шаруа қожалығының басшысы Игорь Жабяк.
Бүгінде шаруашылықтар тарапынан күзгі пайдалануға тыңайтқыштар алуға шарттар жасалуда. Егін жинау жұмыстарын жүргізу және астықты кептіруге бөлінген 15,0 мың тонна арзандатылған дизель отынын тасып алу кестеге сәйкес жүргізіліп, шаруашылықтарға литрі 245 теңгеден босатылуда. 13 700 тонна дизель отыны, немесе 91,3% тасылып алынды. Астықты кептіру үшін қосымша 1031 тонна бөлінді. Тарихи тұрғыда көш бастап келе жатқан Нұра, Бұқар жырау, Осакаров аудандары биыл да сауырына қамшы салдырмады.
Келесі жылғы егіс жұмысына қажетті дәнді дақылдар және картоп тұқымдарының қажетті көлемі толығымен қамтылды. Өсімдік шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау шеңберінде шамамен 5,0 млрд теңге сомасында субсидиялар легі төленді. Бұдан басқа, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 17,2 млрд теңге сомасына 567 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері қаржыландырылды. Жыл басынан агроөнеркәсіп кешені саласына 21,4 млрд теңге сомасына, немесе 111,0% инвестиция тартылды. 9 айда ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау аясында, 2 491 шаруашылық құрылымына 16,3 млрд теңге сомасында субсидия төленді.
Жалпы, есепті кезеңнің қорытындылары бойынша салада дамудың оң динамикасы байқалады, бұл ретте осы бағытта жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін барлық қажетті шаралар қолданылады.
– Облыс бірінші рет мұндай табысқа кенеліп тұр. Тоқсаныншы жылдардан бері аста-төк түсім түспеп еді. Бұл бірінші кезекте өңірдің диқандарының еселі еңбегі деп атап өтуге тұрарлық. Әлбетте, мемлекетіміздің қолдауынсыз мардымды көрсеткіштерге қол жетпес еді. Әсіресе, минералды тыңайтқыштарды субсидиялау бағытында ерекше жәрдем сезіндік. Өздеріңізге мәлім, осы жыл күрделі болды. Биыл дәнді дақылдардың түрлі «сырқаттарымен» бетпе-бет келдік. Күрмеуі көп түйіндер егін орағының сапасына да кері әсер етті. Осының барына қарамастан көңіл көншітер көрсеткішке қол жеткіздік. Сәйкесінше, орақ науқанын толығымен абыроймен аяқтадық. Сондықтан, кәсіби мерекеміз қарсаңында ауыл еңбеккерлерінің мерейі таси түседі деген сенім кәміл! – деп көңілқостық білдірді «Шахтер» ЖШС директоры Георгий Прокоп.
Қош делік, 2024 жыл Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы тарихына рекордтық жетістіктер жылы ретінде енуде. Табиғи сын-тегеуріндерге қарамастан, өңірдің аграршылары мемлекет басшысының табандылығы мен стратегиялық қолдауы кез келген қиындықты еңсере алатынын дәлелдеді. Уақытылы дайындық шаралары мен ресурстарды тиімді пайдалану арқылы аймақ астық пен картоп жинау бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.
Бұл жетістік ауыл шаруашылығы секторының тұрақтылығының және оның елдің азықтүлік қауіпсіздігі үшін маңыздылығының символына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, аграрлық сектор – бұл біздің экономикамыздың тірегі және азықтүлік тәуелсіздігін қамтамасыз етудің негізгі құралы. Мұны фермерлер жұмысының нәтижелері де растайды, олар мемлекеттің қолдауымен ең қиын жағдайларда да тұрақты өсуді қамтамасыз ете алатындығын көрсетті.
Биылғы табыс инфрақұрылымға, технологиялық дамуға және ауыл шаруашылығын әртараптандыруға инвестициялардың маңыздылығын көрсете отырып, болашақта одан да жарқын жетістіктерге үміт артады.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz