Қарағандылық құтқарушы ел тарихында болмаған рекордты жаңартты
Қостанайдағы гір көтеруден ел чемпионатына 200-ден астам спортшы қатысып, өзара кіл мықтыны анықтады. Аталған чемпионатқа Александр Комаров та қатысып, ел чемпионы атанды. Әрі ел тарихында болмаған рекордты да жаңартты.

Жерлесіміз 85 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен болатын. Ол «Ұзын цикл» жаттығуында 78 рет гір көтеріп, қарсылас шақ келтірмеді. Әрі жерлесіміздің бұл көрсеткіші жарыстың ең жоғары нәтижесі ретінде тіркеліп, рекордтар кітабына енді. Сонымен қатар, Александр облыс құрама командасының атынан командалық эстафетаға да қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Жерлесіміз бұл кезеңде үш минут ішінде әрқайсысы 32 келі болатын екі гір тасын 43 рет көтеріп, бұдан да үздік атанды.
Александр Комаровтың есімі бұл спортта кеңінен таныс. Өзі – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Әрі студенттер арасындағы Әлем чемпионы. Әлемдік жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері. Еуропа чемпионатын да бағындырған. 2024 жылы Грекияда өткен әлем біріншілігінде алтын медаль жеңіп алған.
Дарина САМЕН,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті



