Рекорд орнатты
Қарағандылық паралимпиадашы Ақназар ерледі. Ол бір аяғы мен қолы жоғына қарамастан, Бурабай көлін жүзіп өтіп, рекорд орнатты.
26 жастағы спортшының мүкіндігі шектеулі болса да, рухы мен қайтпас қайсарлығы арқасында бәріне төтеп беріп келеді. Ол өзінің шектеулі мүкіндігіне қарамастан мұндай тәуекелге қалай барғанын былай түсіндіреді.
– 2018 жылы 5 сәуірде қолым мен аяғымнан айырылдым. Бірақ, мен жолымнан танбадым. Әуелі Аллаға, отбасым мен жақындарыма мың алғыс! Мен өзімді кем адам сезінбеймін. Жүзумен бала кезден айналысамын. Тіпті, өмірімде болып өткен қиындықтарға қарамастан жүзумен үздіксіз айналыстым. Ақыры, міне, мынадай көрсеткішке қол жеткіздім, – дейді Ақназар Мүтәліп.
Рекордшының айтуынша, ол аяқ-қолынан айырылған соң біршама ем алып, 2019 жылы алғаш рет жүзуді Балқаш көлінде бастаған. Спортшы бір қол, бір аяқсыз да өзін «судағы балықтай» сезінетінін айтады. Тек жүзу бағытының түзу болмауы қиын көрінеді. Бұл – оның оң қолы мен аяғының жоқтығынан. Десек те, батыл азамат айтқанынан қайтпай, 2024 жылдың 31 наурызында 400 метр қашықтыққа еркін жүзуден Қазақстан чемпионы атанған. Ал, биыл ол Бурабай көлін жүзіп өтуге өзіне серт берген. 6 тамыз күні Ақназар 1 сағат 8 минутта 2,5 шақырым қашықтықты жүзіп өтіп, рекорд орнатты. Спортшының жүзудегі ең басты мақсаты – Гиннестің рекордтар кітабына ену және осылайша Бурабай көлі мен табиғатын әлемге таныту.
Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»