Реформа – жүйенің жаңа жылдамдықта нәтиже көрсету қабілетін сынайтын кезең
Конституциялық реформа азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді, әрі басқару жүйесіне институционалдық жүктемені де арттырады. Біз технологиялық өзгерістердің жылдамдығы мемлекеттік институттардың бейімделу қарқынынан асып түскен дәуірде өмір сүріп отырмыз. Бұл айырмашылық ескерілмеген жағдайда басқарушылық турбуленттілікке ұшырау қауіпі болжамды.

Реформа – тек құқықтық өзгеріспен қатар жүйенің жаңа жылдамдықта нәтиже көрсету қабілетін сынайтын кезең. Егер мемлекет өз білім қорын және мәдени өнімін цифрлық кеңістікте қалыптастырмаса, цифрлық инфрақұрылым сыртқы контентпен толады. Бұл жағдайда адами ресурс капиталға айналмай, тұтынушы деңгейінде қалып қояды.
Капитал өнім жасалған жерде ғана қалыптасады. Сондықтан әңгіме мәдени іс-шаралар санында емес, қайта адами капиталдың көмегімен өндірілетін, таралу жүйесі бар, өлшенетін, қамтитын, қайталама қолдануға болатын, уақыт өте келе құнын арттыратын өнімдер туралы. Бұл – идеологиядан бұрын, экономикалық модель. Конституцияның кіріспе бөлімінде адами капиталды, ғылымды, инновацияны және мәдениетті дамыту – стратегиялық бағыт ретінде айқындалған.
Цифрлық дәуірде адами капитал мобильді. Оны ұстап қалу – институттардың сапасына, интеграциясына және өндірістік мәдени модельге көшуіне байланысты.
Тек іс-шаралық модельден мәдени өндірістік модельге көшу, институттардың интеграциясы арқылы адами капиталды сақтау – мәдениетті шығын бабы емес, экономикалық инфрақұрылымның бір бөлігіне айналдыратыны анық. Референдум жалпы шеңберді белгілегенмен, нақты нәтиже өңірлік деңгейлерде жүйенің білім, цифрлық контент және шешім өндіруге көше алу қабілетіне тікелей байланысты деп айтуға толық негіз бар.
Салтанат ҚАЙЫРБЕК
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Алматы ашық әдеби мектебінің заманауи поэзия курсының оқытушысы



