Ресми

Реформа: Мәтіннен – механизмге

Конституция – жай ғана заң емес. Ол мемлекеттің болмыс-бітімі, биліктің шегі, әр азаматтың қалқаны. Оған енгізілген әр өзгеріс – ел ертеңіне қойылған құқықтық қолтаңба. Әлбетте, конституциялық реформа қоғамды бейжай қалдырған жоқ. Біреулер оны жаңа дәуірдің парағы десе, енді бірі құрғақ жаңарту деп қабылдады. Бірақ, кез келген өзгерісті бағалаудың бір ғана өлшемі бар: ол – қатардағы адамның құқығы қаншалықты нығаятындығында.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Мәселен, 2023 жылы Конституциялық Сот құрылды. Содан бері қарапайым бұқара өз мұңын тікелей айтуға мүмкіндік алды. Бұл – заң үстемдігіне жасалған нық қадам. Егер қабылданған заң Конституцияға қайшы келсе, оны тексеріп, тезге салуға жол ашылды.

Одан бөлек, елімізде адам – ең қымбат қазына. Өлім жазасының біржола келмеске кетуі – осы ізгіліктің құқықтық бедері. Бірақ, құқық тек жарияланып қана қоймай, қорғалуы тиіс. Егер азамат өз құқығын қорғайтын нақты тетікке ие болса ғана, Конституция «тірі құжатқа» айналады.

Конституцияны тек билік орындайды деп ойлау жаңсақ пікір. Құқықтық мемлекет болу азаматтардың құқықтық сауаттылығына да байланысты. Өз құқығын білмеген қоғам реформаның нәтижесін сезінбейді. Реформа қағазда басталғанымен, ол санада жалғасуы тиіс.

Шынтуайтында, бұл реформа – билік пен бұқара арасындағы тепе-теңдікті түзеу талпынысы. Ол – басқарушының жауапкершілігін арттырып, азаматтың қорғанысын бекемдеу. Мемлекет Ата Заңды сақтауға міндетті болса, азамат өз құқығын білуге, оны заңды жолмен талап етуге тиіс. Азаматтың көзі ашық, көкірегі ояу болса, мемлекеттік органның заңсыздығына да жол берілмейді.

Айтар болсақ, Конституцияның жаңа жобасындағы 15-бапта: «Әр адамның құқық субъектiсi ретiнде танылуға құқығы бар. Әр адам құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлмен, оның ішінде қажетті қорғаныс арқылы қорғауға құқылы» деп жазылған. Ал, құқығын білмеген қоғамда ең озық заңның өзі «өлі мәтін» болып қала бермек.

Мемлекет Конституция нормаларын сақтауға және адам құқықтарын қамтамасыз етуге міндетті болса, азамат өз құқығын білуге, оны заңды жолмен қорғауға және мемлекеттік әрекеттерге құқықтық баға беруге тиіс.

Қазақстан Республикасы Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтыны, ешкімнің азаптауға, қатыгез немесе ар-намысты қорлайтын жазаға тартылмайтыны нақты бекітілген. Ал, жаңа нұсқаның 17-бабында «Өмір сүру құқығы – әр адамның абсолютті және ажырамас құқығы. Ешкімнің өз бетімен адам өмірін қиюға құқығы жоқ» деп келтірілген.

Яғни Конституция – тек айыпталушыны қорғайтын құрал емес, ол мемлекеттік орган үшін де құқықтық шекара. Бірақ бұл шекара азамат талап еткенде ғана нақты көрінеді. Мұндай жағдайда Конституция формалды мәтін емес, нақты қорғаныс механизміне айналады.

Сондықтан реформаның шынайы нәтижесі тек билік институттарының өзгеруімен өлшенбейді. Ол азаматтың өз құқығын білуімен, талап ете алуымен, заң үстемдігін қорғауға дайын болуымен өлшенеді. Құқықтық мемлекет – биліктің еркімен емес, қоғамның құқықтық санасымен орнығады.

Салтанат ІЛИЯШ,
“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button