ЖаңалықтарРесми

Референдум – тарихи таңдау мүмкіндігі

Қазіргі таңда Қазақстан қоғамы тарихи кезеңнің табалдырығында тұр. Ел дамуының жаңа бағытын айқындайтын маңызды шешімдердің бірі – республикалық референдум. Халық талқысына ұсынылған жаңа Конституция жобасы мемлекетіміздің болашағын айқындайтын, ел дамуының стратегиялық бағытын белгілейтін маңызды құжат екені анық.

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Елімізде қоғамдық пікірге құлақ асу, халықтың ұсыныс-пікірін ескеру мәдениеті түбегейлі қалыптасып келеді. Бұл – демократиялық қоғамның басты белгілерінің бірі. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім тек ашық диалог арқылы нығаяды. Ал маңызды саяси шешімдерді халықтың қатысуымен қабылдау сол сенімнің негізін қалайды.

Әлем тәжірибесіне көз жүгіртсек, кейбір елдерде маңызды заңдар мен реформалар тек саяси элитаның немесе Парламенттің шешімімен қабылданады. Мұндай жағдайда қарапайым азаматтардың пікірін білдіру мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін. Ал қоғамның қатысуымен қабылданған шешімдер әлдеқайда өміршең әрі тұрақты болатыны тәжірибеде дәлелденген.

Бүгінгі әлемдегі геосаяси жағдай күрделі әрі тұрақсыз болып тұрған шақта мемлекеттің берік іргетасын қалыптастыру ерекше маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция Қазақстанның Тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған басты құжат болмақ. Ата Заңның жаңа жобасы еліміздегі қоғамдық-саяси жүйенің дамуына жаңа серпін беріп, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді күшейтеді.

Жаңа Конституция жобасының маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның әлеуметтік бағдары. Құжатта азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғауға арналған нақты нормалар кеңінен қамтылған. Бұл – Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі ұстанымын айқындай түсетін маңызды қадам. Бүгінде елімізде халықты әлеуметтік қолдау жүйесі дамып келеді: түрлі әлеуметтік төлемдер, жеңілдіктер мен мемлекеттік бағдарламалар азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Алайда, мемлекет тек бүгінгі күннің мәселелерімен шектеліп қалмай, болашаққа да сенімді қадам жасауы тиіс.

Осы тұрғыда адам капиталын дамыту мәселесі ерекше маңызға ие. Бүгінгі технологиялық дәуірде елдің табысты дамуы ең алдымен білімді, еңбекқор және жауапкершілігі жоғары азаматтарға байланысты. Сондықтан жас ұрпақты білімге, еңбекқорлыққа, адалдыққа тәрбиелеу – мемлекеттің де, қоғамның да басты міндеттерінің бірі. Ұлттың сапасын арттыру, интеллектуалдық әлеуетті дамыту – еліміздің ұзақ мерзімді дамуының негізгі кепілі.

Сонымен қатар, қазіргі кезеңде технологиялық прогресс пен цифрландыру үдерісі әлем елдерінің дамуына жаңа талаптар қойып отыр. Жасанды интеллект пен инновациялық технологиялар қарқынды дамып жатқан заманда мемлекеттер бәсекеге қабілетті болу үшін сапалы адам капиталын қалыптастыруға ерекше мән беруде. Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалмауы тиіс. Сондықтан, білім беру, ғылым, инновация және әлеуметтік саясат салаларын жаңа талаптарға сай дамыту аса маңызды.

Жалпы алғанда, референдумға ұсынылған Конституция жобасы Қазақстанның тұрақты дамуына берік негіз қалыптастыруға бағытталған. Егер бұл құжат халықтың кең қолдауына ие болса, еліміздің саяси жүйесін жаңғыртып қана қоймай, инновациялық дамуға, технологиялық прогреске және әлеуметтік тұрақтылыққа жол ашады.

Сондықтан мемлекетіміздің болашағына қатысты осындай маңызды сәтте әр азамат саналы шешім қабылдап, ел дамуына үлес қосуы тиіс. Өйткені Қазақстанның ертеңі – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button