АймақБалқашРесми

Референдум: Әр азамат үшін тең мүмкіндік

Балқаш қаласында алдағы республикалық референдумға дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Ұйымдастыру шараларының барысы, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жай-күйі мен азаматтардың дауыс беруіне жасалған жағдайлар туралы жан-жақты білу мақсатында біз Балқаш қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлмира Ағдарбековамен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында референдумды ұйымдастырудың негізгі кезеңдері, комиссиялардың дайындығы, мүгедектігі бар азаматтарға жасалған қолайлы жағдайлар және мүшелердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар кеңінен сөз болды.

Суретті түсірген автор

Гүлмира Жеңісбекқызы, алдымызда тұрған маңызды саяси науқан қарсаңында Балқаш қаласы бойынша сайлаушылардың нақты саны қанша? Жалпы, бүгінгі күні дауыс беру құқығына ие азаматтардың есебі қалай нақтыланып отыр?

2026 жылғы 17 қаңтардағы дерекке сәйкес, Балқаш қаласы бойынша 51 075 азамат дауыс беру құқығына ие. Бұл – ел ертеңіне бейжай қарамайтын, өз таңдауын жасауға дайын тұрғындарымыздың нақты саны. Олардың ішінде 251 азамат – мүгедектігі бар жандар. Атап айтқанда, 97 адам – тірек-қимыл аппараты бұзылған, 86 азамат – көру қабілеті төмен, 68 азамат – есту қабілеті нашар деп тіркелген. Біз үшін әрбір сайлаушының дауысы маңызды. Сондықтан, олардың денсаулық жағдайына қарамастан, конституциялық құқықтарын толық әрі кедергісіз жүзеге асыруына барлық қажетті жағдайды жасау – басты міндетіміз. Референдумның ашық әрі қолжетімді өтуі – біздің жұмысымыздың негізгі қағидаты.

Қала бойынша референдумды ұйымдастыруға қанша комиссия жұмылдырылған?

Референдумды ұйымдастыру мен өткізудің жауапты міндеті қала бойынша 36 комиссияға жүктеліп отыр. Бұл – 252 азаматтан құралған біртұтас әрі үйлесімді жұмыс істейтін кәсіби команда деген сөз. Оның ішінде 7 мүшеден тұратын бір аумақтық комиссия және 245 мүшесі бар 35 учаскелік комиссия бар. Сондай-ақ, тұрғындардың денсаулық жағдайын ескере отырып, қалалық ауруханада жабық үлгідегі бір сайлау учаскесі жұмыс істейді. Барлық комиссиялар толық құрамда жасақталып, заң талаптарына сай бекітілді. Учаскелердің шекарасы мен комиссия құрамдары қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындалып, ресми интернет-ресурстар мен қалалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Бұл – референдумның ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам.

Сайлау учаскелерінің орналасуы мен материалдық-техникалық жағдайы қандай?

Жаң айтып өткендей, қала аумағында барлығы 35 сайлау учаскесі тұрғындарға қызмет көрсетеді. Олардың басым бөлігі, яғни 20 учаске – білім беру ұйымдарының ғимараттарында орналасқан. Бұдан бөлек, 9 учаске – әлеуметтік-мәдени нысандарда, 4 учаске – колледждерде, сондай-ақ бір-бірден орталық аурухана мен ветеринариялық станция базасында жұмыс істейді. Бұл – қала тұрғындары үшін қолайлы әрі қолжетімді орындарды таңдауға басымдық берілгенін аңғартады. Айта кетейін, Конырат шағын ауданындағы №3 жалпы білім беретін мектеп ғимараты апатты деп танылуына байланысты, қала әкімінің 2025 жылғы 22 желтоқсандағы №6-р шешімімен №218 сайлау учаскесі «Конырат» спорт кешенінің ғимаратына көшірілді. Бұл шешім, ең алдымен, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Барлық сайлау учаскелері мемлекеттік меншіктегі ғимараттарда орналасқан. 33 учаске орталық жылу жүйесіне қосылған, ал 2 учаске автономды жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген. 33 учаскеде су құбыры бар. Жалпы алғанда, ғимараттардың техникалық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде, апатты нысандар тіркелмеген. Бұл референдумды ұйымдастыруға қажетті инфрақұрылым толық дайын деген сөз.

Ақпараттық-коммуникациялық қамтамасыз ету деңгейі қандай?

– Электоралдық кезеңде қаладағы барлық 35 сайлау учаскесі толықтай интернет желісіне қосылады. Байланыс жылдамдығы 2 Мб/с-тен жоғары, яғни ақпарат алмасу мен деректерді уақытылы жолдауға жеткілікті мүмкіндік бар. Сонымен қатар, әрбір учаске стационарлық телефон байланысымен қамтамасыз етілген. Ашықтық пен жариялылық қағидатын сақтау мақсатында 33 учаскеде бейнебақылау жүйесі орнатылған. Бұл – дауыс беру үдерісінің айқын әрі заң талаптарына сай өтуіне қосымша кепіл. Ал бейнебақылау жүйесі жоқ екі учаске Гүлшат және Торанғалық кенттеріндегі клуб ғимараттарында орналасқан. Дегенмен, аталған учаскелерде де дауыс беру барысы қолданыстағы талаптарға сәйкес ұйымдастырылады.

Ал, мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Сайлау процесі олар үшін қаншалықты қолжетімді ұйымдастырылды?

Бұл бағыт – біздің ерекше назарымыздағы басты мәселе. Барлық 35 сайлау учаскесінде дауыс беру бөлмелері бірінші қабатта орналасқан, яғни мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді. 30 учаскеде санитарлық нормаларға сәйкес пандустар орнатылған, ал екі учаскеде арнайы көтергіш құрылғылар жұмыс істейді. Үш учаскеде пандус қажет емес, өйткені ғимарат архитектуралық жағынан қолайлы. Сонымен қатар, 33 учаскеде мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген санитарлық тораптар қарастырылған. Барлық учаскелер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Қолжетімділік картасына» енгізілген, ал тактильді көрсеткіштер мүгедектігі бар азаматтарға бағыт-бағдар беруге арналған. Біздің басты мақсатымыз – әрбір сайлаушының дауыс беруіне кедергісіз мүмкіндік жасау, референдумның ашық әрі тең дәрежеде өтуін қамтамасыз ету.

Комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығы туралы айтып өтсеңіз.

– Комиссия мүшелерінің кәсіби дайындығы тұрақты түрде пысықталып отырады. 2025 жылдың желтоқсан айында барлық 252 комиссия мүшесі мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге арналған арнайы бейне курстан өтіп, тестілеуден сәтті өтті. Сонымен қатар, 18 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы «Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізудің өзекті мәселелері» тақырыбында семинар өткізді. Семинарда референдумды өткізу кезеңдері, құқықтық негіздері, үгіт-насихат және жариялылық қағидалары, сондай-ақ халықаралық байқауды ұйымдастыру тәртібі жан-жақты қаралды. 23-25 ақпан аралығында Балқаш қалалық аумақтық референдум комиссиясы 35 учаскелік комиссия төрағалары үшін оқыту семинарларын өткізді. Бұл кездесулерде стандарттан тыс жағдайларға арналған тәжірибелік кейстер қарастырылып, қатысушылар өзара тәжірибе алмасты. Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері өрт қауіпсіздігі талаптарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Біздің басты міндетіміз – референдумды заң талаптарына сай, ашық әрі әділ өткізу. Балқаш қаласының әрбір тұрғыны өз таңдауын еркін білдіре алады деп сенемін.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Back to top button