Референдум қарсаңында ЖСН арқылы өзіңіздің дауыс беретін учаскеңізді табыңыз
Облыстық референдум комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркенов өңір тұрғындарына 15 наурыз күні дауыс беру кезінде дауыс беру құқығын басқа учаскеде пайдалану туралы куәлікті қолдануға болатынын еске салды. Бұл – ресми құжат болып табылады және ол азаматтарға өздерінің тұрақты тіркелген жері бойынша емес, кез келген өзіне ыңғайлы басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге мүмкіндік береді.

Оның айтуынша, мұндай куәліктерді 2026 жылғы 14 наурыз күні сағат 18:00-ге дейін азаматтың тұрақты тіркелген жері бойынша орналасқан учаскелік референдум комиссиясынан (УРК) алуға болады. Ол үшін азаматтың жеке өзі келуі, жеке куәлігін көрсетуі (оны eGov Mobile қосымшасындағы электрондық нұсқада да пайдалануға болады) және жазбаша өтініш беруі қажет.
Сонымен қатар құжатты сенімхат арқылы да алуға болады, бұл жағдайда сенімхатты нотариалды куәландыру талап етілмейді.
– Назар аударыңыздар, дауыс беру құқығын басқа учаскеде пайдалану туралы куәлік сол елді мекеннің ішінде орналасқан басқа учаскеде дауыс бергісі келетін азаматтарға берілмейді. Егер куәлік жоғалса, ол қалпына келтірілмейді және оның көшірмесі берілмейді. Дауыс беру күні таңдалған учаскеге келгенде азамат осы куәлікті және жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасын (немесе электрондық нұсқасын) көрсетуі тиіс. Осыдан кейін сізді сол жерде сайлаушылар тізіміне енгізеді. Құжат бір рет қана пайдаланылады және дауыс бергеннен кейін комиссия тарапынан алынып қалады, — деп түсіндірді Қайрат Нұркенов.
Референдум қарсаңында «ЖСН арқылы өзіңіздің дауыс беретін учаскеңізді табыңыз» атты электрондық сервис іске қосылды. Оны пайдалану үшін келесі сілтемелерге өту қажет:
• https://www.gov.kz/referendum?lang=ru
• https://referendum2026.gov.kz/ru
• https://referendum.gov.kz/ru
Сонымен қатар Қарағанды облысы тұрғындары қажетті ақпаратты Senim109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы (109 нөміріне қоңырау шалу арқылы) ала алады.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



