Референдумға қатысқандардың 71,12%-ы АЭС салуды қолдаған
Қазақстандықтардың 71,12 пайызы референдумда АЭС құрылысын қолдап дауыс берді. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлім етті, деп хабарлайды ortalyq.kz Kazinform сайтына сілтеме жасап.
– Биылғы 7 қазандағы таңғы сағат 8:00-дегі жағдай бойынша еліміздің барлық өңіріндегі және шетелдегі 10 323 референдум учаскесінде дауыстарды санау аяқталды. Облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының комиссияларынан алынған жедел деректердің негізінде, Орталық референдум комиссиясы референдумда дауыс берудің алдын ала қорытындысын шығарды» , – деді Н. Әбдіров елордада өткен брифингіде.
Оның айтуынша, референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 млн 284 мың 487 адамды құрады.
– Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны 7 млн 820 мың 204 адамды немесе референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар санының 63,66 пайызын құрады. Қазақстанда АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны еліміздің барлық өңірінде дауыс беруге қатысқандардың 71,12 пайызын немесе 5 млн 561 мың 937 адамды құрады», – деді Нұрлан Әбдіров.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА