Жаңалықтар

Құрдастық – сырластық пен сыйластықтың ынтымағы

Жаратылыс құпиясы тереңге тартып, тұңғиықта жатқан, бар сыры бірден ашыла қоймайтын бір ғаламат құбылыс бар. Ол әлемшардың қаһарлы иесі, жұдырықтай жүрегі алпыс екі тамырына тоқтаусыз ыстық қанын айналдырып тұрған, тіршілік біткеннің патшасы – қарапайым адам. Тағдыры пешенесіне ананың құрсағында жатқанда жазылатын, адам атаулының бес күндік ғұмырында атойлап аттап өтетін небір айқай кезеңдері бар.

Сурет автордан

Дүние есігін сәби болып ашқанда күтіп тұрып қарсы алатын ата-ананың мейірімге толы құшағы, аялы алақаны, бақытты шаңырақтың шуағы, тәтті қылықтарға толы бал дәуренді балалық шақ. Дүбірлі думан, білімге құштарлық, табиғатпен үндестік, болашаққа бетбұрыс, мектептегі шәкірттік дәурен. Санадағы сілкініс, сапырылысты ой-толғау, талаптың талантқа ұштасуы, тұлға болып қалыптасу. Тағдырына таңдаулар жасау, көзқарасы үшін тайталасқа түсу, жанып жатқан отты да, тасқынды суды да кешіп өту, алысымен де жақынымен де жалған дүниенің бір тиындық құны үшін бірде араздасып, бірде татуласу, кейде кең дүниеге сыйыса алмай тебісіп жүру. Ең қымбаты, бірін-бірі жете танып, қадіріне жетіп, пәк көңіліңнің төрінен сыйластыққа орын беру. Осының бәрі арпалыс, аяқталмайтын күрес. Осылайша біріне-бірі тылсым күш пен қуат беріп, сынақтан өткізіп отыратын тербелісі тоқтамайтын тіршілік толқындары – барша адамзаттың өмір сүру құндылығы. Құндылық демекші, сөз саптауымыз бен ой оралымдарда текті, тексіз деген өзара арбасып қалатын атаулар бар. Өкпе-назда, ашу-ызада наламен басталып, жазаға соқтыратын «тектілер кетті, тексіздер қалды» делінетін жағымсыз тіркестер сирек болса да кездесіп қалады. Меніңше, адам баласының бәрі текті. Өйткені, олардың бәрі анадан періштедей болып туады. Әрине, өмірінің соқтықпалы соқпағында тағдырын от шарпығандар тар жолда кедергілерге тап болып, өз ортасынан қағажу көріп, оқшауланып, әлсіздеу топтарды құрайтындығы құпия емес. Алайда, адамның тағдырын тура осылай жікке бөлуді жек көретін, тіпті, бұл туралы өзіндік дәлел келтірер ұстанымы болған, әлсіз жандарға пейілі түсіп, оларды өзімен тең санап, қол ұшын беруге ұмтылып тұратын, қарапайымдылықты басынан асыра қадір тұтатын мен үшін сыралғы жанның бірі, бір жылда, бір айда, бір күнде қатар туған құрдасым Алдаш баласы Амангелді марқұм болатын. Адамдарды бір-бірімен жіпсіз байлап жақындастыратын құндылықтың бірі, тектіліктің төресі осы құрдастықта жатқан болар. Бұл – барша жұртқа ортақ телінген рәсім.

Мен Ақтоғайда, ол Ақшатау­да туыппыз. Мен – қарапайым мұғаліммін, ол – атынан ат үркетін энергетик. Мен орта бойлының төменімін, ол тау құлатар түйе­балуан. Мен иненің көзінен өтердей қағілезбін, ол қолына түссем, асықша иіретін алпауыт. Мен шаппа сөзқуармын, ол топ жарған биқұмар. Екеуміздің жан дүние бітімімізде, тіпті, сәйкес келер жеріміз жоқ. Мінезіміз де жер мен көктей алшақ. Алайда, жылы бірге жылдастық пен күні бірге құрдастықтың қуаты бізді ажырамастай сыйластыққа жолықтырды. Амангелді марқұм бейтаныс адамға томаға тұйық, жауқабақ, ішін бермейтін, сөзге сараң, қатал адам болып көрінеді. Шындығында, мүлдем басқаша. Сөзге шорқақтығы бар, дегенмен, іске мығым, қызметін білімділігін арқаланып қас-қабағымен атқаратын. Ал, өз ортасында ақжарқын, сыпайы, әзіл-оспақтың бәрі пішімі үлкен алпамса денесіне сыйып кете беретін көпшіл, жарасымды қалжыңға көнтөрімді азамат еді. Мінезінің мәрттігі сондай, шаруа жайы жұқалтаң адамдар көмек сұрап алдына келгенде иілген басы иығынан төмен түсетін, ал, кеудесі биіктер мен биліктің алдында басын иземек түгілі емеурін танытпай қырсығып қалатын бірбеткей жан болатын. Балажандығын айтып жеткізу мүмкін емес. Сая балапанының атын атаған жанға жан дүниесінің мейірімін жайып салатын. Өзінің бір адамды жамандап, жек көргенін естіген емеспін. Амангелдіні де жақтырмаған адамды кездестірмедім. Сырын білмеген жанға тым құпия болып көрінетін құрдасымның қасиеттерін шағын мақалаға сыйдыра алмаспын.

1970 жылдардың басында ауданға келген жоғарғы кернеулі электр жүйесін басқаруда білікті маманның жоқтығы елеулі олқылық, тұйықтарға соқтырды. 1975 жылдан бастап, аудан бойынша осы күрделі саланы қолына алған Амангелді Алдашұлы 25 жылға жуық табан аудармай абыройлы қызмет етті. Аудандағы электр жүйесінің өз алдына дербес автономия тұрғысында құрылымдық міндетін мінсіз атқаруының игілігін аудан халқы жете көрді. Кеңсеге арналып, екі қабатты ғимарат пен өз жұмыс­кер-қызметкерлері үшін екі қабатты тұрғын үй кешені салынып пайдалануға берілді. «Подстанция» деп аталған бұл мекеменің пәрменін жұртшылық аса қиын жағдайларда сан мәрте пайдаланды. Телефон байланысы болмай қалған қиын кездерде алыс елдімекендерге шұғыл хабар жеткізу мен борандарда қуатты техникаларымен жәрдем көрсетуден бір сәт шет қалған емес. Бір ғана мысал, кейде торқалы той мен топырақты өлім үстінде кенеттен аудан бойынша тоқ көзі уақытша ажыратылып қалған сәттерде Амангелді марқұмның Балқаштағы жоғарғы билікке өзі шығып, жігіттерін аяқтарынан тік тұрғызып, қысылтаяң шақта талай отбасын қиындықтан, шұғыл жол тауып, құтқарғандығы ұмытыла қоймас. Ауданымызда білікті дәрігер болып ұзақ жылдар сырқатқа шипа берген зайыбы Шолпан екеуінің қатар жүріп, қалтқысыз қызмет атқарып, жандары жайсаң, қайырымды отбасыға айналып, құрдасым Амангелдінің «КСРО Энергетика саласының бесжылдық үздігі», Шолпанның «КСРО Медицина саласының үздігі» болғандығы өз алдына биік мәртебе. Тіршілігінде сырлас та, сыйлас та болған құрдасымның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, алды пейіш, арты кеніш болсын.

Тұңғышбай Мұқан

Басқа материалдар

Back to top button