АймақҚарағанды

«Әрбір мәселе шешімін табады»

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың кезекті жеке қабылдауына тұрғындар аулаларды абаттандырудан бастап, шағын бизнесті дамытуға дейінгі түрлі өтініштермен келді. Бірқатар сұрақтарға қарағандылықтар бірден жауаптар мен түсініктемелер алды. Шешімі уақыт талап ететін сұрақтар бойынша тапсырмалар беріліп, жеке бақылауға алынды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағанды тұрғындарының бірі әкімге үй тұрғындарының атынан жүгінді. Оның айтуынша, көпқабатты үйдің қасбетін бояу мәселесі бұрыннан айтылып келеді, бірақ, тұрғындар – зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдар болғандықтан оны өз есебінен шеше алмайды.

– Қасбет бұрыннан жаңартуды қажет етеді. Өз есебімізден бояуға мүмкіндігіміз жоқ, – деді тұрғын.

Ермағанбет Бөлекпаев аудан әкіміне жергілікті жерге барып, шығындар сметасын жасап, келесі жылға бюджеттік қаржыландыру мәселесін пысықтауды тапсырды. Ол қасбетті шатырмен бірге жөндеу қажеттігін атап өтті.

Басқа өтініштердің қатарында қоғамдық кеңістікті абаттандыру мәселелері де бар. Қарағандының тағы бір тұрғыны үйдің жанындағы жаяу жүргіншілер аймағының жағдайына алаңдайтынын білдірді. Бұл мәселе бойынша аймақ басшысы Әлихан Бөйкехан атындағы аудан әкіміне жеке тапсырма берді.

Тағы бір қарағандылық саяжай алабында орналасқан үйді электрмен жабдықтау мәселесін көтерді. Әйел адам қуат арттыруға рұқсат беруді өтінді, себебі қазіргі қолданыстағы кернеу жеткіліксіз. Осы жағдай бойынша облыс әкімі жауапты қызметтерге өтінішті қолданыстағы заңнама шеңберінде қарауды тапсырды.

– Әрбір мәселе жеке көзқарас­ты талап етеді, бірақ, олардың барлығы белгіленген мерзімде қаралып, шешімін табады, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button