Медицина

Әрбір ана перзентімен ардақты

Бұл заманда көп ішінде көпбалалы аналарды көрсек, таңдайымыз тақ ете қалатыны рас. Нарықтың ноқтасын киген әрқайсымыздың көкірегімізде «оларды қалай асырайды» деген «қалыпты» сауал қылаң береді. Сәлден соң «қой егіз туса, шөптің басы айыр өседі» деп өзімізді өзіміз жұбатып қоямыз. Ал, шынтуайтында ше? Шындығында бәрі біз ойлағаннан өзгерек. Баланы табу бір басқа да, бағу бір бөлек.

Соңғы кезде көпбалалы аналарға мемлекеттік қолдау да айқын сезіліп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Көпбалалы аналардың жағдайы – әлеуметтік саланың барометрі. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады. Сапалы медициналық көмек, лайықты білім алған баладан отаншыл, мықты азамат шығады. Яғни, адам капиталын дамыту аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен тікелей байланысты. Аналарымыз отбасының ғана емес, қоғамның да ұйытқысы екенін ұмытпауымыз керек», – деп ерекше атап өткен болатын. Ал, олай болса, бұл күнгі көпбалалы аналарды аялай алып жүрміз бе? Көпбалалы аналардың әлеуметтік мәселелері тиісті шешімін тауып жүр ме? Осы сынды бірқатар сауалдарға жауапты бірге іздеп көрсек…

Отбасын қолдаудың ұлттық моделі

Президент те – ананың перзенті. Мемлекет басшысы аналарды әлеуметтік қолдау саясатын темірқазық етті. Мұны тіптен ұлттық қауіпсіздік пен генофондымыздың реформасы, демографиялық бағдарымыздың басты басымдығы деп бекітті. 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да аналардың жағдайына, көпбалалы және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдауға баса мән берді. 2 пайыздық мөлшерлемемен, 10 пайыздық алғашқы жарнамен жеңілдетілген ипотека беруді қарастыратын жаңа «Бақытты отбасы» бағдарламасын қолға алуды нықтап тапсырды. Үкіметті «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, көпбалалы аналарды микро және шағын бизнеске жұмылдыратын, соның ішінде үй жағдайында кәсіппен айналысатын үйбикелерді қамтитын арнайы бағдарлама әзірлеуге шақырды. Кейінгі Жолдаулары мен тапсырмаларында бұл мәселеге басымдық беріп, жауаптыларға жаңа міндеттер жүктеді.

Нәтиже де жоқ емес. Бүгінде алтын құрсақты аналар саны екі есеге өскен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, 2023 жылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша елдегі көпбалалы отбасылардың саны 532,6 мыңға жеткен. Оларға биылғы алғашқы айда бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы түрінде 33,1 миллиард теңге төленді. Тұтас алғанда, министрліктің мәліметінше, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап көпбалалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақы көлемі 8,5 пайызға артты.

Қазір елде көпбалалы отбасыларды қолдаудың ұлттық моделі түзілді. Қолдау шараларының негізгілеріне тоқталып кеткен маңызды. Тоқаевтың бастамасымен жұмыс істейтін аналар бала күтімімен демалыста болған кезде оның зейнетақы жарналарын мемлекет бюджеттен аударады. Осының арқасында аналардың зейнетақы жинағы арта береді. Президент бастамасымен 2020 жылғы 1 қаңтардан аз қамтылған отбасылардағы 1-ден 18 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгізілді. Бұл отбасылардың балалары мектепте тегін тамақтандырылады. Аналар жұмыс істей алуы үшін республикада 2022 жылы 37,7 мың бүлдіршінге арналған 453 жаңа балабақша ашылды. Осының арқасында 3-тен 6 жасқа дейінгі балдырғандарды балабақшамен қамту көрсеткіші 98,4 пайызға жеткен. Бұдан бөлек, 2022 жылғы 10 желтоқсандағы жағдай бойынша былтыр 106 мың оқушыға арналған 201 жаңа мектеп шәкірттерге есігін айқара ашты. Президент тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін жаңа 402 мектепте 842 мың баланың заманауи озық білім алуына жағдай жасалады. Енді Үкімет шараларына қайырылып қойсақ.

 

Жәрдемақы мөлшері көтерсе екен еңсені

Мемлекеттік бюджет қалтасынан дүниеге сәби туғанда берілетін бәсіресі бар. Ол – бір реттік төленетін жәрдемақы. Бірінші, екінші және үшінші баланы туғанда берілетін жәрдемақы көлемі қазір тура 131 100 теңгені құрайды. Ал, төртінші немесе одан да көп бала келсе өмірге, 217 350 теңге беріледі.

Жәрдемақы әр балаға дербес тағайындалып, төленедi. Бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі ай сайын төленетін жәрдемақының көлемі де едәуір артты. Тұңғышқа – 19 872 теңге. Екінші балаға – 23 495 теңге. Үшіншіге – 27 083 теңге. Төртінші немесе одан көп балаға 30 705 теңгеге дейін жетеді.

Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері биыл төмендегідей өзгерді. Төрт балалы анаға – 16,03 АЕК немесе 55 303 теңге. Бес балалы анаға – 20,04 АЕК яки 69 138 теңге. Алты балалы ана үшін – 24,05 АЕК немесе 82 972 теңге төленбек. Жеті балалы анаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге. Сегіз баласы бар ана үшін – 32 АЕК немесе 110 400 теңге тиесілі.

Жәрдемақыны рәсімдеу үшін өтініш жазылады. Содан кейін, құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталығына апарып беру шарт. Жәрдемақы алуға өтінішті E-Gov порталы арқылы үйден ұзамай-ақ, онлайн-қызметпен беруге де болады. Құжат жеті жұмыс күні ішінде қаралады. Қосымша мәліметтер қажет болған жағдайда бес күн ішінде тиісті хабарлама жіберіледі.

«Алтын алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері табысталған аналардың жәрдемақысы 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Оларға енді ай сайын 25 530 теңге төленеді.

Ерекше ордендермен марапатталған көпбалалы аналар мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй алуға бірінші болып кезекке тұра алады. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар көлік құралдарына, жер учаскелері бойынша, жеке тұлғалардың мүлкіне нотариалды қызмет кезіндегі, зияткерлік меншік саласына қатысты іс-әрекеттер жасаған кездегі салынатын салықтан босатылды.

Сонымен қатар, бес және одан да көп баланы дүниеге әкелген немесе асырап алып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғаннан кейін зейнетке шығуға құқығы бар.

Көріп отырғандай, республиканың қолдау мәзірі жоғарыдағыдай мағлұматтарға толы. Нарығы мен салығы, қаражаттың сағат сайынғы құнсыздануын ескерген болсақ, бұл кешенді шаралар көпбалалы отбасыларға қарлығаштың қанатымен сепкен су тәрізді. Алға қарай жасалған алты қадам. Бірақ, сонда да көңілді бір-ауық қош қылады. Жүрек түкпіріне әлдебір жылылық ұялатады. «Балам дейтін» мемлекет бар. «Мемлекетім дейтін» саналы балалардың шоғыры ұлғайсын дейік. Үміт те етеміз, үгіт те етеміз.

Аналардың жолы жеңіл…

Тағы бір ақжолтай ақпар. Осы жылдың 1-наурызынан бастап көпбалалы аналар қоғамдық көлікте жол жүруге қосымша жеңілдіктер алды. «Бақытты бала – Бақытты ана – Бақытты отбасы – Бақытты ел» Жол картасына сәйкес, жаңа жеңілдіктер пайда болғанын біреу білсе, біреу білмейді.

Мәселенки, қала маңындағы маршруттарда тегін жүру құқына «Алтын алқа», «Күміс алқасын» таққан яки бұрын «Батыр ана» атағын иеленген, сондай-ақ, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар ие. Бұл ретте аталған барлық санаттарға Қарағанды автобустарында тегін жол жүру үшін бұрын алынған «Әлеуметтік» көлік карталарын еркін пайдалануға болады. Қала маңындағы маршруттарда тегін жүру үшін бақылаушыларға анықтамалар мен жеңілдіктер туралы куәліктің түпнұсқасын көрсетсе жеткілікті. Арнайы карталар да тегін ресімделеді.

«Іл де байла» жеңілдікке қол жеткізгісі келген жандар өтінішін Коммуналдық көшесі, 3 мекенжайы бойынша орналасқан ONAY! қызмет көрсету орталығына тапсыра алады. Ал, жеңілдігі бар арнайы карталарды ресімдеу келесі мекенжайларда мүмкін болады. Open Karaganda – Назарбаев көшесі, 39. «Ұмай» СҮ – Карл Маркс көшесі, 9. «Молодежный» МҮ – Металлистов көшесі, 24/2.

 

Түйін орнына

Сөз соңында әлемнің жарығын сыйлаған асыл аналарымыздың қоғамдағы орны ерек екенін тағы бір атап өтпекпіз. Қарағанды облысының 432 556 отбасының деректері отбасының цифрлық картасына енгізілген. Олардың барлығының жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің тоғыз түрін проактивті форматта рәсімдеу мүмкіндігі бар. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау Комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Нұркен Блялов отбасының цифрлық картасына қандай мемлекеттік қолдау шаралары енгізілгенін хабарлады. Отбасының цифрлық картасы әлеуетті әлеуметтік жәрдемақы алушыға SMS жібереді. Оң жауап болған жағдайда оған тиісті төлем тағайындалады. Ақша қаражаты банктік шотқа есептеледі. Өңірде «Асыл ана», «Шаңырақ» сынды көпбалалы аналарға әлеуметтік, психологиялық, құқықтық тұрғыда тегін кеңес беріп қана қоймай, жекелеген алтын жүректі меценаттар мен демеушілердің, облыстық әкімдіктің, қоғамдық ұйымдардың мұрындық болуымен баспана беріліп жатады. Бірақ, тіршілігіміздің арқауына айналған сарқылмас мейірім иелеріне қанша қолдау көрсетілсе де артық емес. «Ана» деген қастерлі сөздің мәніне жете білсек болғаны да. Әр сәби анасының құшағында жетілсін!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button