Теміртау

Құрбандықты тарату – мұстахаб

Ілтипатпен –

ізгі ниетке

 

Бай болсын, кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахаб. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне, олар бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ, шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер, құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады.

Алла Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер, әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер».

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шалған құрбанының етін қалай таратқандығы турасында Ибн Аббас былай деп риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шалған құрбандығының үштен бірін – отбасына, үштен бірін – кедей көршілеріне, қалған үштен бірін садақа ретінде тарататын».

Уәжіп болсын, нәпіл болсын құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақтарын, басын және сүтін сату – мәкрүһ. Ал, сатылса, оның ақшасы кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды.

 

Құрбандыққа

шалынатын мал

қанша адамға жетеді?

 

Қой және ешкіні бір адам ғана сояды. Бір адам екі не одан да көп құрбандық шала алады және барлық құрбандықтарының сауабын алады. Ал сиыр мен түйені жеті адам бірігіп союларына болады. Бір адам жалғыз өзі бір сиыр не түйені құрбандыққа шалуына рұқсат етіледі.

Жәбір ибн Абдуллаһ (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Худайбия жылы Алла елшісімен (с.а.с.) бірге түйені жеті адамның және сиырды жеті адамның (атынан) бауыздадық», — деді.

 

Ниеттің де

сауабы бар

 

Мұсылман адам амалымен жете алмайтын сауапқа ниеті арқылы жетеді. «Әркімнің ісі ниетіне қарай бағаланады. Мүмінге ниеттенген нәрсесінің сауабы беріледі» және «Мүміннің ниеті амалынан қайырлы» деген секілді хадистер қай істе де мұсылман баласын ниетін таза ұстауға шақырады. Сол себепті құрбандық шалуға шамасы жоқ мұсылмандар: «Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім», – деген ниетте болса, мейірімді Раббымыз оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап жазады. Бірақ, жағдайы бар адамға құрбандық шалу – уәжіп! Яғни, ол құрбандық шалуға міндетті!

Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғандарын аралап, «Айт құтты болсын» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айтта бір-бірін кешіріскені жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, қолынан келсе, көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, жанұясындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізуге де болады.

Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен ізгі амалдарымызды және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін.

Ысқақ  Абдрахманов,

Теміртау қалалық орталық мешітінің бас имамы.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button