Құрбандық – көңілдің тазалығы
Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 6 маусым, жұма күні аталып өтеді. Айт намазынан кейін еліміздің барлық өңірлерінде құрбан шалуға рұқсат беріледі.

Құрбан айт – мұсылман қауымы үшін тек діни рәсім ғана емес, ізгілік пен ықыластың, бауырмалдық пен берекенің мейрамы. Бұл – адамзаттың Аллаға жақындау ниетін, жомарттық пен жанашырлық секілді құндылықтарын паш ететін күн. Айт күні жамағатпен айт намазы оқылады. Бұл – мұсылман қауымының бірлікке үн қататын, рухани тазалықты бастан кешетін сәті.
Қоғамда құрбан шалу мәдениеті жыл өткен сайын нығайып, жүйелі сипат алуда.
Қарағандыда құрбан шалуға арналған үш орын белгіленді. Олар – Резник көшесі, 18 үйдегі «Әбішева А. О» жеке кәсіпкері, Гоголь көшесі, 2/23 үйдегі «Арай kz» ЖШС және Сейфуллин көшесі, 53 үй мекенжайындағы «Хасенов» шаруа қожалығы.
Аталған орындар санитарлық талаптарға сай жабдықталған. Мұнда мал сою процесі шариғат ережесіне сәйкес атқарылады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы qurban.muftyat.kz онлайн платформасын іске қосып отыр. Бұл – заманауи технология мен шариғат талабын үйлестірген игі бастама. Азаматтар сайт арқылы құрбандыққа шалынатын малды таңдап, төлемін Kaspi.kz және басқа сервистер арқылы жасай алады. Құрбандық шалу рәсімі бейне және фото есебі арқылы рәсімделіп, тапсырыс берушіге жолданады.
Құрбандыққа шалынатын малға қойылатын талаптар да бар. Атап айтқанда, қой, ешкі, сиыр және түйе шалынады.
Қой мен ешкі – кемінде бір жасар, сиыр – екі жастан асқан, түйе – бес жасар болуы тиіс.
Көзі соқыр, құлағы немесе құйрығы туабітті жоқ, көп тісі жоқ, мүйізі түбінен сынған, аяғы ақсақ немесе көтерем мал құрбандыққа жарамсыз.
Шариғат бойынша қошқар мен ешкіні – жеке адам шалса, сиыр мен түйені – жеті адам бірігіп шалуға рұқсат.
Құрбандық – бұл жай ғана мал сою емес. Бұл – адамның ішкі ниеті, Жаратқанға деген шүкіршілігі, жақынына деген қамқорлығы. Көп адам дәл осы күні садақа беріп, киім-кешек, азықтүлік немесе ақшалай көмек көрсетіп, жақсылықтың дәнін себеді.
Құрбан шалуға шамасы келсе, мұсылман баласы жылына бір құрбан шалуы керек. Алланың бұйрығы мынадай: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра, құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!»
Құрбан шалу мұсылмандарға – уәжіп. Құрбан айтта жолаушы болмаса және негізгі қажетінен бөлек нисап мөлшерінде қаражаты барлар шалуы керек. Шариғатта нисап мөлшері деп 85 грамм алтынға, яғни, соның құнына тең келетін ақшаны айтады. Бірақ қалтасындағы ақшасы нисап мөлшеріне жетпесе де құрбан шала берсе болады.
Құрбан айт – мұсылман баласының сабырын, жомарттығын, ниетінің тазалығын көрсететін күн. Бұл мереке – рухани жаңғырудың, ізгіліктің, бірліктің мерекесі. Осы күндері шалынған әр құрбан – сауапқа толы амал болғай!
Өз тілшімізден