Құрбан айтта Қарағанды облысының 4 мыңға жуық отбасына ет таратылды
Қарағанды облысында Құрбан айт мерекесінің үш күні аралығында 3929 аз қамтылған отбасы 34 тоннадан астам құрбандыққа шалынған малдың етін алды.

– 34 тонна 545 келі ет “Зекет және қайырымдылық” қорының Қарағанды облыстық өкілдігінің қарамағындағы мұқтаж отбасыларға көмек ретінде таратылды. Жалпы офлайн режимінде 1116 қой, 124 ешкі, 34 ірі қара мал сойылды, онлайн-алаң арқылы – 44 қой, 8 ешкі, 3 бас ірі қара мал сойылды. Құрбандыққа шалынған малдың еті өңірдің 3929 отбасына таратылды. Қайырымдылық шараға діни ұйымдар, жергілікті қоғам және еріктілер тобы қатысты, – деді Қарағанды облыстық “Әнет баба” мешіті өкілдері.

Сондай-ақ, Қарағандыда Құрбан айт күндері 800 балаға арналған қайырымдылық мерекесін ұйымдастырылды.

Аниматорлар балалардың көңілін көтерді, балмұздақ таратылды, ойыншықтар сыйлады.

Сонымен қатар, балалар үшін мерекелік дастархан әзірленді.

Іс-шараны “Әнет баба” мешіті, “Ясин” қыздар орталығы, “Нұрлы білім” қоғамдық бірлестігі және демеушілер ұйымдастырды.

Сондай-ақ, облыстың барлық мешіттерінде ұлттық спорт түрлері бойынша қайырымдылық акциялары мен жарыстар – арқан тарту, қол күрес және қазақ күресі өтті.


Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz



