Құрбан Айт құтты болсын!
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын!
Қасиетті де, қастерлі Құрбан айт мейрамына аман-есен жеткізген Раббымызға сансыз шүкірлер болсын! Құрметті қарағандылықтар, қадірменді бауырлар! Баршаңызды алда келе жатқан ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Құрбан айт – жүрекке жылу сыйлайтын, жер жаһандағы адамзаттың барлығын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақыратын күн. Адамзат баласы бұл күні құлшылық, ғибадаттарын арттырып, құрбандық шалу сияқты сауапты істерімен Аллаға жақындай түсуге ұмтылады. Құрбан сөзінің өзі араб тілінен аударғанда «жақындау» деген мағынаны береді. Әлем мұсылмандарының басы бір жерде қосылып, қажылық парызын өтейтін де осы кез. Биылғы жылы қасиетті мекенге аттанған бауырларымыз ерекше көп. Қажылық орнына аяқ басқан біздің жерлес, қандастарымыздың да аман-есен елге оралуын нәсіп етсін деп тілейміз!
Жылдан жылға дәстүрлі дініміз қанатын жайып, халқымыздың дені дінге бет бұрып, Құрбан айт мейрамының да маңызы артып келеді. Елімізде мерекеге орай демалыс күні жарияланып, ұлық мереке мемлекеттік деңгейде тойлануда.
Құрметті мұсылман бауырлар мен отандастар!
Ұлық мереке құтты болсын! Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз бен шалған құрбандықтарыңызды Алла тағала қабыл етсін. Әрбір отбасына бақыт, береке қонғай! Көп ұлт пен ұлысты Отанымызға бірлік пен ынтымақ бергей! Жаратушы иеміз сүйікті Қазақстанымыздың мерейін үстем етіп, халқымыздың ауыз бірлігін арттыра бергей! Еліміз аман жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әумин!
Өмірзақ қажы Бекқожа,
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша
өкіл имамы.