Ресми

Құрбан айт қағидалары

Күллі мұсылман асыға күтетін ұлық мейрамның басталуына санаулы күн қалды. Биыл мұсылман қауымның ұлық мерекесі мен журналистердің кәсіби мерекесі қаз-қатар келуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде Құрбан айт күндерін өткізу тәртібіне қатысты бұқаралық ақпарат өкілдерімен бірлескен брифинг болып өтті.

 

Брифингке ҚМДБ-ның Қара­ғанды облысы бойынша бас имамы Естай Әбдіғали, «Шариғат және пәтуа» бөлімінің Қарағанды облысы бойынша жауапты маманы Юсуфбек Шұғайұлы мәлімет таратты.

Биылғы Құрбан айт күндері 28-29-30 маусымға тұспа-тұс келгені жария етілген-тұғын. Өңірдің бас имамы Естай Айтуғанұлы 28 шілдеде Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде таңғы сағат 6:00-де айт намазы оқылатынын, арнайы құрбан шалуға қала аумағынан үш орын бекітілгенін жеткізді. Құрбан шалу көп­шіліктің сұранысына орай, online түрде де «qurban2023.kz» сайты арқылы да жүзеге асады.

Қала аумағында мал союға арналған үш орын анықталды: Ре­зник көшесі 18, Гоголь көшесі 2/23, С.Сейфуллин көшесі 53. Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалу басталады. Әдеттегідей барлық мешіттің аумағында шама-шарқынша дастархан жайылып, халыққа ас беріледі. Одан бөлек ұлттық спорт түрлерінен түрлі сайыстар өтіп, жеңімпаздарға қар­жылай сыйақылар беріледі. Айттың бірінші күнінен бастап, мұқтаж жандарға құрбандық таратылады. Бұл орайда арнайы штаб құрылып, мешіт имамдары арнайы тоңазытқыш, көлік дайындап, еріктілер еттің мұқтаж жандарға уақытылы жетуіне септігін тигізбек. Өңірдің жеті қаласы мен жеті ауданында арнайы орындар белгіленген. Ауылдық жерлерде әркім өз ша­ңырағында құрбандық шала­ды. Брифинг барысында дін өкілдері тазалық міндетті түрде сақталу қажеттігін ескертті.

«Құрбандық шалу кімдерге міндетті» деген ортақ сауалға дін өкілдерінің жауабы мынадай болды. Жалпы құрбан шалу шариғатта бүкіл адамға міндет болып саналмайды. Құрбан шалу үшін бірнеше шарт орындалу керек. Біріншісі, мұсылман болу керек. Құдайын таныған адам ғана құрбан шала алады. Екіншісі, балиғат жасына толған адам. Кіш­кентай бала келіп, құрбан шала алмайды. Ал, келесісі ол жо­лаушы болмау керек. Сапарда жүрген адамдарға құрбан шалу міндет емес. Маңыздысы, құрбан шалатын адам ауқатты болу керек. Мысалы, мал санымен есептейтін болсақ, бес түйесі бар, яки отыз сиыры бар адам немесе қырық қойы бар адам. Осындай мал-мүлкі жоқ адамдарға құрбан шалу міндет болып саналмайды. Алтынмен иә ақшамен есептейтін болсақ, банктегі шотында 85 грамм алтын көлемінде не болмаса соның құнындай ақшасы бар жан ауқатты болып саналады. Қазіргі есеппен өзінің күнделікті тұрмысындағы қаражатынан тыс 1 400 000 теңгесі бар азамат құрбандық шала алады. Ниет сыналатын күнде бастысы ниет тазалығы.

Тілшілердің «Түрлі ме­кеме ұж­ымы құрбандық шалуға ниет білдірсе оның тәртібі қалай болады?» деген сауалына Юсуфбек Шұғайұлы былай деді.

– Әлдебір мекеме қызметкерлері құрбан шалатын болса, оның сауабы шалған адамға жазылады. Дана халқымыз бұған қатысты бір «жазылмаған әдемі әдіс» ойлап тапқан. Егер бір мекемеде он адам болатын болса, жылына бір үйде құрбандық шалынады делік. Мұндайда әр жыл сайын бір қызметкердің есім-сойына арнап отыратын болған. Осы жылы да бұл үрдісті жалғастырып әкетеміз десеңіз, мархабат.

Айт күндері ағайын-туыс бір-бірін құттықтап, ал араздасқан жан­дар татуласып жатады. Құрбан айт – бүкіл әлем жұртын қайырымдылық жасауға шақыратын мейрам. Мұсылман қауымы ерекше ұлықтайтын бұл мерекенің маңызы сонда болса керек.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button