Равиль Садықов: Жаңа Конституция – жаңа дәуірдің бастауы
Қарағанды облысында ел тағдырына бейжай қарамайтын екі мыңға жуық жастың басын қосқан ауқымды жастар форумы ұйымдастырылды. Іс-шара ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді ашық талқылауға арналған пікір алмасу алаңына айналды. Күн тәртібіндегі негізгі тақырып – жаңа Конституция жобасы болды.

Кездесуде Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, Қоғамдық кеңес төрағасы Равиль Садықов Жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, елде жүріп жатқан конституциялық реформа – жаңа кезеңнің бастауы.
– Баршаңызға белгілі, елімізде Жаңа Конституция жобасына қатысты реформа жүріп жатыр. Мен бұл бастаманы толық қолдаймын. Қаламыздың Қоғамдық кеңесі де аталған өзгерістерді қолдайтынын білдірді. Біз мұны жаңа кезеңнің, жаңа дәуірдің бастауы деп қабылдаймыз, – деді ол.
Равиль Садықов Конституция жобасын зерделеу барысында екі бапқа ерекше назар аударғанын атап өтті. Соның ішінде 70-бапта көзделген Қазақстанның Халық кеңесін құру туралы нормаға тоқталды. Оның пікірінше, бұл – уақыт талабына сай және қоғамдық пікірді институционалдық деңгейде ескеруге мүмкіндік беретін маңызды шешім.
– Конституция жобасын мұқият зерделеу барысында мені екі бап ерекше қызықтырды. Атап айтқанда, 70-баптағы жаңа институт – Қазақстанның Халық кеңесін құру туралы норма. Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде бұл бастаманы өте маңызды әрі уақыт талабына сай шешім деп бағалаймын.
Неліктен? Себебі, аталған кеңес этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен, мәслихат депутаттарынан жасақталмақ. Яғни, оның құрамына Қазақстан халқының түрлі әлеуметтік топтары еніп, елдің ішкі саясатына қатысты мәселелерді талқылауға қатысады. Қажет болған жағдайда референдум өткізу жөнінде де ұсынымдар беруге мүмкіндік алады. Меніңше, бұл – қоғамдық пікірді ескерудің жоғары деңгейдегі тиімді тетігі. Бүгінгі іс-шараға тоқталсам, қаламыздың ішкі саясаты аясында жастарға арналған осындай мазмұнды кездесулердің ұйымдастырылуы – құптарлық іс. Осыған қарап ел болашағына бейжай қарамайтын буынның бар екенін көрсететін жақсы белгі, – деді Равиль Садықов.
Оның айтуынша, жастардың белсенділігі мен азаматтық ұстанымы алдағы реформалардың табысты жүзеге асуына негіз болмақ.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

