Әдебиет

Рауан Қабидолдин мен Айзада Рахымжанова

Айзада

Сенсің ғой, сен ғой менің сағынышым,
Қиналам аулақтағы бәрің үшін.
Шығыстан таң боп қайта атар ма едім,
Арқаның ала бұлтын жарып ұшып.

Аулақтағы алты әріп атың үшін,
Өскеменде өртеніп жатыр ішім.
Қалтама жасырып ап әкетер ем,
Арқада қап қоймаса сағынышым.

Бір күні, бір сағатта сөнер деген,
Сәтіңді есіме алып өбектеген.
Осылай сен де менен жырақтарсың,
Осылай мен де сенен бөлек кетем.

Кетпеймін, кеткен күнім өлген күнім,
Жетпесем, жете алмасам өлгендігім.
Онда сен алғаш ақын қабіріне,
Соңғы рет гүл лақтырып көргендігің.

Жылама,
Жыламашы, кектенбеші,
Жыласаң айырма не кектен несі?
Ол қазір баяғыдай аппақ раушан,
Дүкеннен ап келуге кеткен деші.

Қойшы енді, жігіт сөзден тайқып па екен?
Естимін, егілмесін қайтып денең.
Мен қазір анау жолдың әр жағынан,
Бір қорап шылып алып қайтып келем.

Айзада,
Мұнда түнек, ескі көше,
Менің де соңғы арманым өшті кеше.
Қара түнге сенделіп сен жайлы айтам,
Қайтейін ол да мені естімесе.


Түс

Ұйықтағым келмейді!
Түсімде ылғи түн перісі тергейді.
“Қасыңдағы көркем жігіт не керек?
Оны бізге бер” дейді.

Сосын сені суырып ап қойнымнан,
Аймалайды, иіскейді мойныңнан.
Перілерден айтшы қалай құтылам?
Түсіме ылғи кіріп алып той қылған?

Сөйлеу түгіл, қозғалуым қиын-ақ,
Ару пері қасы-көзін қиып-ап,
Алдыңа кеп билейді шыр айнала,
Менің қызыл көйлегімді киіп ап.

Ұнайды екен саған мұндай серілік,
Мені ұмыттыңәлгілермен желігіп.
Перілердің бірі арқаңды уқалап,
Бірі жатыр төсегімде керіліп.

Менің әтір, бояуымды жағып ап,
Сені мәз ғып, таңға дейін қағынад.
Сосын…
Сосын кетеді ұшып аспанға,
Арқасына қанаттарын тағып ап.

Оянған соң ағыл-тегіл терлеймін,
Ашуланып:”Бар, жуынып кел!”деймін.
“Перілерің бүгін түнде келмесін!
Хабардар ет, сені мүлде бермеймін!”

…Мейлі көктем келсін қайта, күз өтіп,
Ұйықтамаймын, әуреленбе түзетіп.

Басқа материалдар

Back to top button