Ұраннан Ұлы іске көшер күн қашан?
Егер өткен-кеткенмен мақтанғаннан мүйіз шықса, ендігі қарағайдай боп, басымызды көтере алмай қалар едік. Отыз жылда. «Біз қазақ – сақпыз, ғұнбыз. Еуропаға елтірі мен құрым бізден барған. Темірді балшықша илегенбіз. Анау да – біз, мынау да – біз» деп кеудемізді қойғыштағаннан көбейген өнертапқыш та, өнертабыс та, көгерген экономика да шамалы. Айқайлай-айқайлай азаттықтан да ұялатын халге жеттік. Жалпы, соңына қайырылып, жаутаң-жаутаң қарайлаған алға жылжи ма?! Артына алаңдағанның адымы ашылмайды. Бұрынғымызға тамсанып, таң қалғаннан гөрі сол бағзыдан қалғанды осы заманға лайықтап алып шығуымыз керек еді. Қай «көршіміз» қазанымызға жармасып, ошағымыздағы отты ала қашыпты?!. Қазақстанның нарыққа бет алғанына отыз жылдан асты. Велосипед жасап көрмедік. Себебі, бұрынғыны аңсаумен келеміз. Бұл күні бізге қалғаны – өзгелермен салыстыру арқылы отырған төбеміздің биіктігін өлшеу ғана. Олай болса, дәл сол өлшеммен шыққан төбемізді қарыстап көрелік…
ЭКОНОМИКАНЫҢ «БАҚЫТСЫЗДЫҒЫ» НЕДЕ?
Қарапайым, қатардағыны қайдам, бірақ елдегі экономист мамандар бұған басын «қатты» ауыртады. «Қазақстан экономикасының әлемдік экономикадағы «бишілігіне» не кедергі? Жаһандық би алаңындағы бөгделердің «төбелесі» ме, әлде ел ішіндегі бишілердің нашарлығы ма?» деген сұраққа экономистер жауап бергенімен, экономикада әзірге үнсіздік.
Экономист мамандардың пікір-зерттеулерін оқығанда түсінгеніміз, экономикадағы көршілердің «төбелесі» де, нашар «бишілігіміз» де, әрі-беріден соң би алаңындағы «ғаламдық музыка» да Қазақстан экономикасын «бақытсыз» етіп отырса керек.
Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Отандық экономиканы әртараптандыру, Нәтижелі жұмыспен қамту, халықтың табысы, әлеуметтік игіліктердің қолжетімділігі мәселесі әлі толық шешілмеген» деген пікірін қоссақ, кілтипанның көбі өзімізде секілді көрінеді.
Зерттеулер экономиканың бақытсыздығын оның шикізатқа бағытталғандығымен, әлемдік экономикаға интеграциялануындағы әлсіздікпен, ел ішіндегі салалық, аймақтық интеграцияның осалдығымен, өңдеуші өнеркәсіптердің төмен өнімділігімен, ғылым мен өндіріс арасындағы өзара ынтымақтың жоқтығымен байланыстырады.
Рас. Ғалымдар бекер айтпайды.
ПОСТКЕҢЕСТІК ЕЛ ІШІНДЕ – «КЕНЖЕМІЗ»
Алысқа бармай-ақ қоялық. Мына өзбектер өткен жылдар ішінде көлігін жинап, экспорттап та үлгерді. Анау бір қоңыз секілді өзбектің Daewoo-сының қанша қазақ қызығын көрді. Қазір оны тоқтатты өз-ағаң. Оның орнына басқасын бастады. Ravon «акалап» қазақтың көшелерінде қайқаңдап кетіп барады. Мақта жинайтын техникаларында да алдына жан салмайды. Оны да қойыңызшы, Түркіменстаныңыз осы өзбектермен келісімге де келген техникасы жөнінде. Ал, Қазақстанға «мына техникаң жақсы екен. Бізге берші» деген бар ма екен?
Беларусьты алсаңыз, комбайнның «Құдайы». Қырғыздар көйлек-көншікті бұрқыратып отыр. Дүниежүзілік саудаға шығара алмаса да, Қазақстанды қарық қылған жайы бар.
Біз сол баяғы «кенжеміз». Тура және ауыспалы мағынасында да…
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?
Қазіргі жағдайда сарапшылардың пікірі аса қуантарлық емес. Ашық ресурстарда жарияланғандары – алдағы жылдардың Қазақстан үшін оңайға соқпайтынын атайды. Оған «Алдағы жылдар Қазақстан үшін өте күрделі болмақ. Әлемдік экономикалық дағдарыс және жаһандық коронавирус пандемиясының салдары, шикізат бағасының құлдырауы, АҚШ, Қытай, Еуроодақ және Ресей арасындағы саудаэкономикалық қарама-қайшылықтың күшеюі әсер етеді. Қазақстан үшін жағдай экономиканың бұрынғы ренталық моделінің өзін толық сарқылуымен күрделене түседі. Егер алдағы жылдары экономика неғұрлым тиімді модельге ауыспаса, ел ең қуатты әлеуметтік-экономикалық және саяси толқуларға тап болу қаупі бар» дейді DAMU Research Group зерттеу агенттігінің директоры Тимур Айсауытов ашық ресурста.
Ел экономикасының иммунитетіне әсер ететін бірнеше аспектілерінің басында – шикізатқа айтарлықтай тәуелділік тұр дейді зерттеушілер. Олардың айтуынша, мұнайға сұраныстың шарықтау шегі 2030-2035 жылдарды қамтиды.
«Қолданыстағы тұжырымдамаға сәйкес, жаһандық мұнай сұранысының шарықтау шегі 2030-2035 жылдарға тура келеді. Сондықтан, Қазақстанда экономиканы қайта құруға 10-15 жылдан астам уақыт бар. Біз бұл зерттеулерді коронавирус және мұнай бағасының төмендеуінен бұрын бастаған едік. Алайда, қазіргі жағдайлардың орын алуына байланысты ол кезеңнің жақындауы мүмкін», – дейді Whiteshield Partners консалтингтік компанияның менеджері Дмитрий Галицкий БАҚ-қа берген сұқбатында.
ТҮЙІН
Қытай десе, шошимыз. Бірақ, оның 40 жылда экономикасын әлемдік аренаға шығаруынан үйренер көп. Қытайды кедейліктен құтқарып, бай мемлекетке айналдырған Дэн Сяопиннің көзі жоқ болса да, оның қытайлықтардың бойына құйып кеткен прагматизм мен байлыққа деген ұмтылысы, кәсіпке ынтықтықтары – оларды шыққан биігінен түсірмейтінін әлем мойындайды. Бас-аяғы 40 жылда. Олармен салыстырғанда біз 30 жылда төбешікте ғана отырмыз…
Қызғалдақ АЙТЖАН.