Жаңалықтар

Рамазан айы қашан басталады?

Биыл қасиетті Рамазан айы 24 сәуірде басталады. Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.

  • Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі – В.Фесенков атындағы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінің ғылыми мәліметіне сүйеніп, сондай-ақ, көрші Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларымен кеңесіп, Рамазан айының басталатын күнін белгіледі. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, мұсылмандар асыға күтетін Рамазан айы биыл елімізде 24 сәуір күні басталады деген шешім қабылданды, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бұдан бөлек, ҚМДБ төрағасы төтенше жағдай кезінде діни рәсімдерді өткізу тәртібі туралы баяндады. Биыл мешіттерде тарауық намазы жамағатпен оқылмайтынын айтып, көп адам шақырып, ауызашар берудің орынсыз екендігін ескертті.    

  •  Әркім тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз. Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда, тағы басқа мекемелерде жиналып, ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз.  Қазіргі жағдайға қарай ораза ұстаған адамдарға ауызашар беруді мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру тәрізді қайырлы амалдардармен алмастыруды ұсынамыз, – деп атап өтті Бас мүфти. 

Басқа материалдар

Back to top button