16 жастағы мерген қыз әлемдік күмістің иесі
Ақтауда өткен дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионатында жерлесіміз, 16 жастағы Аиша Баймырза күміс медаль жеңіп алды. Ол 20 метр қашықтықтан қалқан нысанаға ату сайысында өнер көрсетті.
Садақ ату сайысына көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей елдерінен келген 70-тен астам спортшы додаға түсті. Ал, облыс атынан ел құрамасы сапында «Қайрат» БЖСМ-нің төрт тәрбиеленушісі бақ сынады.
– Менің санатымда кіл мықты садақшылар. Жарыс кезінде толқу, қобалжу болды. Әр атылған жебе – жауапкершілікті талап етеді. «Сабыр түбі – сары алтын» демекші, байыппен бабыма келдім. Сөйтіп, нысананы көздей отырып, бар күш-жігерімді салып, күміс медальді еншіледім, – деп әсерімен бөлісті спортшы.
Аиша садақ атумен екі жылдан бері айналысып келеді. Ол бір мезетте бірнеше жаттықтырушымен жұмыс істейді. Бапкерлерінің айтуынша, шәкірті тынымсыз еңбектің арқасында толағай табысқа жетіп жүр.
– Аиша биыл дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер құрамасына қабылданды. Келер жылы да облысымыз бен еліміздің намысын республикалық және халықаралық жарыстарда қорғайды, – деді бапкер Надежда Кефер.
Айта кетейік, бұған дейін Аиша Баймырза Қазақстан чемпионатында қола жүлде жеңіп алған болатын.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»