Әр толқынның қасиетті борышы
Жер бетіндегі халықтардың барлығы егемендік үшін, елдік үшін үздіксіз күрес жүргізеді. Сол күресте, сол ұлы мұрат жолында халық өзімен-өзі жұдырықтай жұмылып кетпейді. Жұдырықтай жұмылдыратын, ұлы мұрат жолына, ұлы идея жолына бастай алатын көшбасшы ерлер шығады сол халықтың арасынан. Артық туған ерден шашылған сәулені көретін, сөзін түсінетін, соңынан еретін озат һәм азат ойлы, артық туған ерлер де табылады. Арды, ұятты, намысты қастерлеген қасиетті халық деген ананың құрсағына сондай ұлдардың бітпеуі мүмкін емес. Осылайша, халықты жарық күндерге бастайтын толқын қалыптасады. Олар бір-бірін іздеп табады, бірігеді. Әр толқынның мойнында ұлттың жүгі болады. Кейінгі толқын алдыңғы толқыннан елінің амандығын, азаттығын аманаттап алады. Сол қасиетті аманат толқыннан толқынға жетеді. Бір толқын өзінің жүгін көтере алмаса, сол жүк келесі толқынға артылады. Жаңа толқын алдыңғы толқынның да жүгін арқалауға мәжбүр болмақ.

Бодандықпен өткен үш ғасырда азаттық үшін қаншама толқын өз ғұмырларын құрбандыққа шалды?! Елім деп ер еңіреді, ерім деп ел еңіреді. Олар ата-бабаларының алдындағы және болашақ ұрпақтың алдындағы аманаттары үшін өз-өздерін қиып жіберді. Екеуі де Қаратаудан ауыр, Алатаудан биік еді. Кеудеден жан шыққанша, амал таусылғанша, үміттің соңғы шырағы сөнгенше арыстанша айқасты. 1986 жылы алаңға шыққан толқын аталардың да, болашақ ұрпақтың да алдындағы міндеттерін атқарды. Аянып қалған жоқ. Міне, сол қасиетті аманат, жүк енді бізге жетті.
Уақыт өткен сайын, есейген сайын сол аманаттың жүгін сезініп келемін. Бүгінде аманаттың салмағын сезініп, елге қызмет жолына түскен ерлер баршылық қазақта. Соны ойласам, жарқын болашағымызға деген сенімім беки түседі.
Конституция жобасы халықтың назарына ұсынылды. 15 наурызда референдум өтпек. Бұл – жай ғана референдум емес. Бұл – «бір тұтас ел болып, халық болып елдің жарқын болашағын бірге құрайық» деген сөз. Бұл – Президент бастаған елдің тізгінін қолдарына алған аға толқынның өздерінен кейінгі толқынға қайырылуы. Мәселен мен – бір толқынның өкілімін. Референдумға баруым, үн қосуым – мемлекет алдындағы маңызды міндетім, Отан-Ана алдындағы перзенттік борышым. Біздің толқынға осындай таңдау жасау бақыты бұйырып тұр екен.
Мемлекетіміздегі әр азамат ел болашағына жауапкершлікпен қараса, елдікті қастерлі аманат деп бағаласа, қуатты болатынымызға күмән жоқ.
Ерік НАРЫН
“Ortalyq Qazaqstan”


