Құқықтық сауатсыздықты қазіргі уақыт көтермейді. Әр салада сауаттылық маңызды. Дәл сондай қажеттілікті құқық та талап етеді. Осы мақсатта «Таир» сауда үйінде құқықтың жәрмеңке өтті. Орталық саябақта да нашақорлыққа қарсы акция ұйымдастырылды.

«Таир» сауда үйіндегі жәрмеңке қоғамдық қабылдау форматында өтіп, тұрғындарға құқық қорғау органдарының құзыретіне кіретін түрлі мәселелер бойынша тікелей әрі жан-жақты кеңес алуға соны мүмкіндік берді. Жәрмеңке барысында полиция қызметкерлері азаматтардың өтініштерін қабылдап, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – халық пен құқық қорғау құрылымдарының арасындағы кері байланысты нығайту, азаматтардың заң аясындағы құқықтары мен міндеттері туралы хабардарлығын арттыру. Тұрғындарға құқықтық көмек көрсету аясында нақты сұрақтарға кәсіби жауаптар беріліп, практикалық ұсыныстар ұсынылды.
Жәрмеңкеге қылмыстық полиция, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, киберқылмыспен күрес бөлімшелері, жергілікті полиция қызметі, көші-қон қызметі, әкімшілік полиция, әрі кадр саясаты басқармасының өкілдері қатысты. Аталған құрылымдардың мамандары азаматтарға өз бағыттары бойынша кеңес беріп, нақты көмек көрсетті. Тұрғындар автокөлік құралдарын тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, жеке басты куәландыратын құжаттарды (төлқұжат, жеке куәлік) рәсімдеу, сондай-ақ, көлік құралдарын қайта жабдықтау тәртібі бойынша толыққанды ақпарат алып, бірқатар ұйымдастыру мәселелерін сол жерде шешуге мүмкіндік алды.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты ақпаратты үдете түсуге бейілміз. Кез келген отбасы ошақ қасындағы кикілжіңді үнсіздік өршіте береді. Біз ұсынған мәлімет көбінеки егде тартқан немесе жалғызілікті жандарға пайдалы болып жатады. Өмірлік қиын жағдайға тап болып жататын кісі қарасы азайғанымен, жоқ емес. Ол адамдарға түрлі орталықтар барын онда психологиялық көмектен құқықтық салаға дейінгі түрлі ақысыз қызметтер көрсетілетіндігі жайында баяндаймыз, – дейді полиция майоры Дана Байгунусова.
Жәрмеңкенің жеке блогы ішкі істер органдарына қызметке қабылдау мәселелеріне арналды. Кадр қызметінің тәжірибелі мамандары азаматтарға құжаттарды тапсыру тәртібі, үміткерлерге қойылатын кәсіби және моральдық-іскерлік талаптар, бейінді оқу орындарында білім алу мүмкіндіктері және құқық қорғау саласындағы мансаптық өсу басымдықтары туралы жан-жақты ақпарат берді.
– Зейнет ақысына қатысты сұрақ мазалаған еді. Сауалыма тұшымды жауап ала білдім. Қоғамдық тәртіпті сақтау сақшыларымен өрбіген әңгіме әсерлі шықты. Естуімше, мұндай шаралар жиі өтетін көрінеді. Әлбетте, қазір күз мезгілі. Қала тұрғындарының көбісі мұндай шақта баласына киім-кешек әперу үшін сауда орындарына бас сұғатыны аян. Осы сәтте полиция қызметкерлерін көріп толғандырған сұрағына жауап ала алатыны оңтайлы екен, – дейді қала тұрғыны Нұрдәулет Асылбек.
Ашық алаңдағы бүкпесіз диалог әрбір қарапайым азаматтың заңнан тыс емес, заңмен қатар өмір сүретінін тағы бір мәрте айқындағандай. Қолында құжаты, көкейінде сауалы бар тұрғындар түрлі бөлім өкілдеріне еркін жолығып, бұрын беймәлім болып келген ғұмырлық тұстардың мәнін ұқты. Бір сәтке болса да, тәртіп сақшысы мен тұрғынның арасы қызмет пен өтініш иесінің емес, екі жақты түсіністік пен қолдауға құрылған сұхбатқа айналды. Қарт ана да, жас әке де, студент пен зейнеткер де – барлығы бір мақсатпен келіп жатты. Құқықтық сауаттылықты арттырып, көкейіндегі түйткілге жауап алу үшін. Өйткені, құқықтық мемлекет – қағаз жүзіндегі ереже ғана емес, әр азаматтың жүрегіне орнаған сенім мен түсініктен басталады.
Ал, саябақтағы акция ашық аспан астында өтті. Спикердің, есірткі сақтау және тарату қылмысы былтырғыдан қарағанда 20%-ға төмендепті. Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары бұл көрсеткішті қысқарту мақсатында жұмыс күшейіп жатқанын мәлімдеді. Өкінішке қарай, есірткі таратушылар, яғни «закладчиктер» жасөспірімдердің арасынан көп шығып жатыр екен.
Акция барысында облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға-жедел өкілі, подполковник Бақытжан Мұстафаев жастарға есірткі қылмысы және жазасы туралы ақпараттандыру сағатын өткізді.
Акция аясында есірткі заттарының жаңа түрлері, олардың ағзаға әсері, жастар ортасында есірткінің таралуының алдын алу мен оған қарсы күрестің заманауи әдістері талқыланды.
Бақытжан Мұстафаевтың сөзінше, бұл күнде такси жүргізушілері арасында қылмыс көбейіп келеді.
– Бүгінгі таңда есірткі тасымалдаушылар полициядан құтылудың жаңа әдісін ойлап тапқан. Мысалы, есірткіні бір қаладан бір қалаға таксиге салып жібереді. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар көбейіп келеді. Мысал ретінде, кейінде қолға түскен такси жүргізушісінің оқиғасын айтып берейін. Күдікті көлігінде затты тастаған адамды танымайтынын алға тартады. Бұл сөзінің рас, не өтірік екенін анықтау үшін біз барлық бейнебақылау камераларын тексеріп жатырмыз. Осындай жағдайдан сақ болу керек. Такси жүргізушілері заттай тапсырыс алған жағдайда соны берген адамды суретке түсіріп алғаны абзал, – деді Бақытжан Мұстафаев.
Акция кезінде жастарға иіс сезгіш иттермен қалай жұмыс атқарылатыны көрсетілді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ерік НАРЫН