ӘР САЛАҒА – ТЫҢ СЕРПІН
Елбасының кезекті Жолдауы талқыланған қала жұртшылығының жиынында “Қазақмыс Смэлтинг” ЖШС-нің техникалық директоры, қалалық мәслихат депутаты Ғ.Камердинов, “Сары қазна” ЖШС директоры П.Семенченко, қала кәсіпкерлері мен өндіріс иелері одағының директоры, облыстық мәслихат депутаты А.Аларин, Абай атындағы №2 лицей мұғалімі Б.Әлжан, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасына қатысушы С.Жүнісбекова, Балқаш медициналық колледжінің студенті, қала әкімі сыйлығының лауреаты А.Манатбеков ой-пікірін ортаға салды.
Жолдаудағы он міндетті орындау мен жүзеге асыру алқалы жиындағы әңгіме өзегіне айналды. Қаланың тыныс-тіршілігі назардан тыс қалмады. Соған сәйкес нақты ұсыныс жасалды. Мәселен, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі келешегі келісті инновациялық идея мен жобаны іздестіру, қолдау мен жүзеге асыру бағытында бұрынғыдан да белсенді жұмыс жүргізеді. Ресурстық әлеуетті дамыту үшін шағын және орта бизнестің мүмкіндігіне сүйене отырып қатты тұрмыстық қалдықты өңдеу мен кәдеге жаратудың заманауи тәсілі іздестіріледі.
Гүлшат кенті мен Қоңырат ықшам ауданында бау-бақша өсіруді қайта жандандыру арқылы Балқаш аймағындағы агроөнеркәсіптік кешенге тың серпіліс беріледі. Автокөлік жолын жаңғырту мен жөндеуге бөлінетін қаражат көлемі жылма-жыл артады. Құрылыс бөлімі мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі негізінде салаға заманауи технологияны енгізудің тұтқасын қарастырады. “Халық банкінің” қаладағы филиалы кәсіпкерлікті кеңінен өрістету бағдарламасын жүзеге асыруды одан әрі жалғастырады.
Жолдауда айрықша көңіл аударылған адам капиталының сапасын көтеру тұрғысында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы саласында пәрменді жұмыс жүргізіледі. Тиімді мемлекеттік басқаруды қалыптастыру үшін кәсіпкерлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі коммуналдық қызметке қатысты қолжетімді электронды база жасау мәселесін қарастырады.
Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі — қоғам алдында тұрған аса ауқымды міндет. Сондықтан, қаладағы мемлекеттік органдар қызметті электрондық үлгіде көрсететін болады. Балқашты “ақылды қалаға” айналдыру таяу уақытта қоғамдық көлік саласын цифрландырудан басталады. Елбасы алға қойған он міндет қала басшылығының жіті бақылауымен жүзеге асырылады.
Әлібек ӘБДІРАШ