Әр оюдың мәні бар
Наурыз мейрамы келісімен ұлттық киімге деген сұраныс күрт артатыны үйреншікті жағдай. Сандықтың түбінде жатқан шапандар мен камзолдар жарыққа шығып, бешпенттер түрлене бастайды. Соңғы жылдары бұл үрдіс тек мерекелік науқанмен шектелмей, күнделікті өмірге де еніп, әсіресе, жастар арасында өзіндік трендке айналды. Алайда, ұлттық киімнің сыртқы келбеті жаңғырғанымен, оның ішкі мазмұны қаншалықты сақталып отыр? Біз «бренд» қуалап жүріп, бабалар қалдырған «кодты» жоғалтып алған жоқпыз ба?

Сән мен мән
Бүгінгі таңда ұлттық киімнің жаңа қарқынмен жаңғыруы – көңіл қуантатын жайт. Десе де, бұл бетбұрыс көбіне тренд деңгейіндегі сыртқы қалыппен шектеліп, оның ішкі терең мазмұны мен қолдану қағидасы тасада қалып бара жатқандай. Әсіресе, қасиетті ою-өрнектерді қолданғанда жас ерекшелігі мен жыныстық айырмашылықтарды ескермеу, киімнің тарихи-әлеуметтік қызметіне атүсті қарау жиі байқалады.
Деректерге үңілсек, қазақ ою-өрнектері мазмұны мен шығу тегіне қарай бірнеше іргелі топқа жіктеледі. Өсімдіктектес өрнектер Жер-Ананың құнарлылығын, өмірдің жаңаруы мен мәңгілік өсіп-өркендеуді бейнелесе, жануартектес (зооморфтық) оюлар далалық өркениеттің айнымас серігі ретінде күш-қуаттың, батылдық пен қайсар рухтың символы саналады. Геометриялық және космогониялық өрнектер адам мен әлемнің, жер мен көктің байланысын, ғарыштық үйлесімді бейнелейтін терең пәлсапалық таңбалар.
Әрбір оюдың өз иірімі, өз өрнегі және киім үлгісіндегі заңдылығы бар. Ұлттық киімдегі ою-өрнектің қолданылуы да белгілі бір жүйеге негізделген. Олар адамның жасына, жынысына және қоғамдағы мәртебесіне қарай мұқият таңдалып, киімнің нақты бөліктеріне (жаға, жең, етек) лайықталып орналастырылған. Мысалы, әйелдер киімінде нәзіктікті паш ететін иірімді, жұмсақ өсімдіктектес өрнектер басым болса, ерлер киімінде айқын, жинақы, рухты білдіретін геометриялық немесе мүйіз тектес өрнектер қолданылған.

Дизайн мен дәстүр
Ұлттық киімдегі осы бір терең мағына мен ғасырлар бойы қалыптасқан жүйе бүгінгі дизайн өнерінде қаншалықты ескеріліп жүр? Осы сұраққа жауап іздеп, біз Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің педагогика факультетіндегі Бейнелеу өнері және дизайн кафедрасына арнайы барып, осы салада көп жылдан бері ізденіп келе жатқан білікті маман, профессор-ассистент Асыл Манабаеваның пікіріне жүгіндік.
– Ою-өрнек – адамның ішкі болмысын, сенім-нанымы мен тұрмыс-салтын бейнелейтін мұра. Мұнда әр иірімнің өз орны, әр өрнектің өз қызметі бар. Әсіресе, әйел киіміндегі өрнектерге қойылатын талап – нәзіктік пен үйлесім. Көбіне жұмсақ, иірімді келетін өсімдіктектес өрнектер қолданылады. Мысалы, гүл – жастық пен сұлулықты, жапырақ – өсіп-өркендеуді, ал, шиыршықталған өрнектер – өмірдің мәңгілік жалғастығын білдіреді. Кейде жеңіл зооморфтық элементтер кездескенімен, олар көзге ауыр тимейтіндей, өте сәндік сипатта берілуі тиіс, – дейді ол.
Асыл Шанкереқызының пікірінше, бүгінгінің басты қателігі – үйлесімділіктің бұзылуы. Әйел киіміне ерлерге тән ірі, бұрышты, ауыр геометриялық оюларды орынсыз таңу – оның табиғи тұрпатын жоғалтумен тең. Киім түріне қарай да өрнектердің салмағы өзгереді. Қамзол – оюдың ең бай, шоғырланған киімі болса, қос етек көйлек – жеңіл әрі нәзік элементтермен ерекшеленеді. Ал, жаулық – барынша ұстамды әрі жинақы безендіріледі.

Ерлер киіміндегі оюлардың да жосығы бөлек. Олар қайсарлық пен рухты сездіруі тиіс. Қошқар мүйіз – өжеттіліктің, арқар мүйіз – биіктік пен батылдықтың, ал, сынық мүйіз – табандылықтың белгісі. Сондай-ақ, қорғаныш мәніндегі тұмарша өрнегі де ерлер киімінде нық әрі айқын көрініс табады.
Сұхбат барысында Асыл Шанкереқызы бүгінгі қоғамдағы түйткілді мәселенің бірі – қасиетті нышандарды жөн-жосықсыз қолдану мәселесіне де тоқталды. Мәселен, шаңырақ бейнесінің күнделікті тұрмыстық бұйымдарда немесе аяқ астына төсейтін кілемдерде өрнектелуі – кешірілмес қателік. Өйткені, шаңырақ – биіктіктің, қасиеттің, тұтастықтың символы. Оны көрпешеге немесе аяқ астына түсетін бұйымдарға басу – танымдық сауатсыздық.
Талғам мен талап
«Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, ұлттық киімнің танымдық астары туралы сөз қозғағанда, нағыз майталман мамандардың пікіріне жүгінген абзал. Бұрнағы бабаларымыз хабар-ошар үшін жан-жаққа ат шаптырса, біз бүгінгінің «онлайн-арғымағы» – әлеуметтік желінің көмегімен іздегенімізді тапқандай болдық.

Өмірін қолөнерге арнаған қадірлі ұстаз Кәмаш Төлеубаеваның негізгі мамандығы тарихшы, бірақ, тағдыр жазуымен баба кәсібіне біржола бет бұрған. Қазір зейнет жасында болса да, Қарағанды құрылыс-техникалық колледжінде жастарға дәріс беріп, қолөнердің қыр-сырын үйретіп жүрген жан. Алты жасынан тігін машинасына отырып, анасының қасында жүріп шеберлікке машықтанған Кәмаш апайдың әр сөзінде мән бар.
– Шәкәрім қажының «Әр жаста әрбір түрлі міндетің бар, қай жаста не істейтін кезіңді біл», – деген сөзін баршамыз білеміз. Сол сықылды, әр киімнің де өз орны, өз атқаратын қызметі мен әлеуметтік мәртебесі болады. Қастерлі халқымыздың ұлттық киімі – адамның жасын, отбасылық жағдайын, қоғамдағы орнын айқындаса керек. Мәселен, кимешек – ана атанған әйелдің мәртебесі. Бұрын кимешектің артқы бөлігі жамбасқа дейін түсіп, денені тұтас жауып тұрған, – дейді ол.
Кәмаш апайдың айтуынша бүгінгі таңда киімдердің атауы мен қолданылу мәдениеті де ескерілмей жатады.
– Шынтуайтында, шапан – жүннен түтілген, ат үстінде суықтан қорғайтын қалың киім. Ол сән үшін емес, қажеттілік үшін тігілген. Ал, қазіргі жеңіл, алды ашық, сәндік үшін киетін киімді желбегей деп атаған дұрыс. Тағы бір айтарым, қазір тақияны жасы бар, жасамысы бар, барлық әйелдер киіп жүр. Бұл – түбегейлі қате. Түптеп келгенде, тақия – тек қыз бала мен бойжеткеннің киімі. Келіншек болған соң – жаулық, балалы болған соң – кимешек. Әр нәрсенің өз жолы бар. Бұрын қыз баланың басындағы тақиясына қарап-ақ, оның оң босағада отырған бойжеткен екенін алыстан аңғаруға болатын. Сол себепті де салттан жығылмайық, – деді Кәмаш Төлеубаева.
Бүгінде ұлттық киімнің қайта жаңғыруы қуантпай қоймайды. Алайда, осы үрдіспен қатар, оның ішкі мазмұны мен қолдану мәдениетінің әлсіреп бара жатқанын байқау қиын емес.

Ең алдымен, көзге түсетіні – ою-өрнектің орынсыз және шамадан тыс қолданылуы. Бүгінде кез келген киімге ою жапсыра салу ұлттық нақыш ретінде қабылдана бастады. Баспа технологиясының дамуы да бұл үрдісті күшейтіп отыр. Ою-өрнек енді ойылып, кестеленіп емес, баспамен оңай түсіріле салатын элементке айналды.

Түйін
Бүгінде ұлттық киімнің қайта жаңғырғаны рухымыздың оянғанының, өркениетімізді тануға деген құштарлықтың айқын белгісі. Ою – жапсырма емес, ол – киелі таңба. Оны бейберекет қолдану – әліпбиді білмей тұрып, кітап жазуға ұмтылумен тең. Егер біз ұлттық киімді тек сыртқы жылтырағы үшін кисек, уақыт өте келе мәні жоқ матаға айналады. Ал, егер оның әрбір өрнегіне мән беріп, парқын жете түсініп кисек – бұл біздің мәдениетіміздің сауыттай берік, алмастай өткір болуына кепілдік береді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



