Бас тақырып

Рәміздер рухтың қайрағы

Көк Ту, Елтаңба, Әнұран жүректерді тебірентіп, рухты аспандатады. Мемлекеттік рәміздер күніне арналған патриоттық форум – елдік пен ерліктің, бірлік пен болашаққа деген сенімнің жарқын көрінісі болды. Тарихтан тағылым алып, Тәуелсіздік рәміздерін ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған бұл шара Қарағандыдағы Тутұғыр алаңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өтті. Онда елдің болашағына алаңдаулы жас жүректер мен аға буын өкілдері бас қосып, қасиетті рәміздер арқылы ұлттың ұлы мұратын ұлықтады. Шараға үш мыңнан астам адам қатысып, патриотизмнің жарқын үлгісін көрсетті. Бұл мереке – ел тарихы мен мәдениетіне зор құрмет.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Форумға облыс әкімдігі мен этномәдени бірлестік өкілдері, аймақтың Құрметті азаматтары, кадет сыныбының оқушылары, жастар ұйымдары, волонтерлер, шығармашылық ұжымдар, колледж студенттері мен қала тұрғындары жиналды.

Қалың жұртшылық Әнұран орындап, аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жиылған жұртты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады. Бұл мейрамның мән-маңызына тоқталды.

– Бүгінде Қазақстанның рәмізі бүкіл әлемде танымал. Бұл өз елімізге деген мақтаныш сезімін тудырады және жүректерге патриоттық сезім ұялатады. Мемлекеттік рәміздер – сонау ғасырлар қойнауынан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі. Бүгінгі мемлекеттігіміздің бет-бейнесі. Еліміздің тарихы мен бүгіні ерекше үйлесім тап­қан рәміздер кешегі өткен күнімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. Бабалардың наркескен намысының көшірмесіндей болған Мемлекеттік рәміздеріміз – ең қастерлі киеміз. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін рәміздерімізді қастерлей білу – ұрпақ парызы. Әділетті Қазақстан – Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен – асқақ, Көк Туымен – тұғырлы! Тәуелсіздігімен баянды, бірлігіміз бекем болғай! – деді аймақ басшысы.

Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында кеншілер астанасындағы кәсіптік-техникалық бағытта білім беретін колледждердің үздік бес түлегі 100 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. Олар – түрлі халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары, болашақ кенші, электрик, құтқарушы, электровоз машинисті және дәнекерлеушілер.

– Бұл марапат – маған одан әрі даму үшін қомақты қолдау және ынталандыру. Әрі қарай да жеңістерге жеткім келеді, – деп бөлісті Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің түлегі, Шэньчжэнде өткен өнеркәсіптік дизайн бойынша халықаралық чемпионатта бірінші орын алған Виктор Репин.

Сонымен қатар, облыстың қоғамдық өміріне белсенді қатысқан үздік бес ерікті Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Алғыс хат алғандар қатарында Аян Құдайбергенов пен Анастасия Савенко бар. Олар қарттар мен жалғызбасты аналарға көмектеседі. Ал, Аяжан Орынбек – қазақ тілін насихаттаса, Ержан Рахметов – жануарларға қамқор. Есірткіге қарсы және экологиялық бастамаларға белсенді қатысатын Шарлин Калелелді де атап өтпеске болмас.

– Бүгін айтулы күн – Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері күні! Форумға қатысу – біз үшін қуаныш пен құрмет. Көптен бері еріктілік қызметпен айналысып келемін. Біз қарттарға, ардагерлерге және мұқтаж жандарға көмектесеміз. Түрлі экологиялық акцияларды да өткізіп жатыр­мыз, – дейді Шахтинск технологиялық колледжінің химия пәнінің оқытушысы, Еріктілер клубының үйлестірушісі Анастасия Савенко.

Мерекелік шараның маңызды сәттерінің бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай республикалық «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына 30 мектеп оқушысын салтанатты түрде қабылдады. Олар ант бергенде тебіренбеген адам қалмады.

Бұл рәсімге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, ардагерлер, қоғам қайраткерлері және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қайраткерлері қатысып, сәттілік тіледі.

Мемлекеттік рәміздер күнімен этномәдени бірлестіктердің өкілдері де құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтап, бақыт, денсаулық және бейбіт аспан тілеймін. Бейбітшілік пен келісім, ымыра-бірлік еліміздің Көк Туын тек биіктен желбіретсін! – деді «Казачья Вольница» этномәдени бірлестігінің мүшесі Владимир Маловик.

Ал, қатардағы жауынгер Бағдәулет Есхан 31775 әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп жатыр. Шымкент қаласынан шақырылған. Келгеніне 8 айдан асыпты.

– Бүгінгі шараның Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуде маңызы зор. Бір ай бұрын Астанада Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай өткен әскери парадқа біздің әскер бөлімнен 150-ден астам сарбаз қатысты. Елдің ертеңі үшін Қазақстан Қарулы күштерінің сақадай сай екенін көрсеттік. Бүгінгі шараға да ерекше құлшыныспен келдік, – деп атап өтті Бағдәулет Серікұлы.

Жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері әншілерінің орындауында Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әні шырқалып, «Көк Тудың желбірегені» атты флешмоб ұйымдастырылды.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button