Қарағанды облысы – бүгін тек көмір мен кеннің емес, білім мен технологияның да орталығына айналып келеді. Мұны Еуропалық Одақтың бірқатар елшіліктері мен дипломатиялық миссияларының өңірге арнайы сапары айқын көрсетті.

Сапар барысында делегация мүшелері облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен жүздесті. Бұл ресми кездесу Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің қабырғасында өтті. Университет базасында құрылып жатқан «Картех» өңірлік инновациялық-индустриялық хабы – болашақтың өндірісін дайындайтын зияткерлік алаң. Онда заманауи технологияларды енгізу, қолданбалы ғылымды өрістету бағытындағы күш-жігер бір арнаға тоғыспақ.
– Өңірде еуропалық компаниялардың қатысуымен жүзеге асып жатқан табысты жобалар – өзара сенім мен мүдделіліктің айғағы. Мысалы, «Бемер» компаниясының арматура өндірісі, «Изоплюс Орталық Азия» зауытының оқшауланған құбырлары, «Линде Газ Қазақстанның» техникалық газдары, «Соларнет» күн электр станциясы – бәрі де біздегі қолайлы инвестициялық ахуал мен ұзақмерзімді серіктестіктің жемісі. Біз тек экономикалық емес, гуманитарлық ынтымақтастық аясын да кеңейтуге дайынбыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Өңірдің инвестициялық әлеуетін әкімнің орынбасары Ермек Алпысов таныстырып, облыстың инфрақұрылымдық, көлік-логистикалық және адами ресурстық артықшылықтарына кеңінен тоқталды. Спикердің айтуынша, Қарағанды облысы – өзара тиімді іскерлік әріптестік үшін үлкен мүмкіндіктер өңірі. Қазірдің өзінде облыс әлемнің 70 еліне өңдеу өнеркәсібі өнімдерін экспорттап отыр. Ал «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында Германия, Аустрия, Қытай, Катар және Канададан 25 шетелдік компания табысты жұмыс істеуде. Бұл – Қазақстан экономикасына деген сенім мен әлеуетке деген сұраныстың белгісі.
Қонақтар да бұл кездесудің маңызын атап өтіп, табысты жобалардан мысал келтірді. Мәселен, Швецияның Scania компаниясы өңірде көлік техникасын шығара бастаған. Францияның алдыңғы қатарлы компаниясы су ресурстарын тиімді пайдалану технологияларын ұсынып, ынтымақтастық жөнінде келісім жасасты. Ал Хорватия болса, туризм саласында байланыстар орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
– Біз Қазақстанмен жалпы, ал, Қарағанды облысымен жеке ынтымақтастықтың зор мүмкіндігін көріп отырмыз. Бұл – көлік және логистика, жасыл энергетика, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, сондай-ақ, адами капитал, цифрландыру және білім беру салалары. Осындай кездесулер – бизнеске бағыт-бағдар беретін маңызды алаң. Біз мүмкіндіктерді көрсетеміз, ал кәсіпкерлер B2B форматында нақты жобаларға көшеді. Мұнда Еуропа тарапынан да үлкен қызығушылық бар, – деді Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич.
Қарағанды – нақты іске көшкен өлке. Бұл сапар өңір үшін жаңа көкжиектердің ашылғанын білдірді. Ендігі меже – әр мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдыру.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»