Бас тақырып

Әр үйге сәуле болып шашылғандар

Көктемнің шуақты мерекесі де өзінің сән-салтанатымен келіп қалды. Нәзікжандардың бір мезгіл құшағы гүлге, жаны нұрға бөленеді. Күні кеше аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев сан салада еңбек етіп жүрген әйелдер қауымымен кездесіп, ашық әңгіме өрбітті. Халықаралық әйелдер күніне орай өткен мерекелік жиында облыс әкімі көпбалалы аналарға «Алтын алқа», «Күміс алқа» тақты.

Суреттер: life09.kz

Шуақты мерекенің құрметіне орай Президент Жарлығымен аймағымыздағы 8 көпбалалы ана «Алтын алқа», 39 ана «Күміс алқа» иегері атанып отыр. Бұл басқосуда аймақ басшысының қолынан «Алтын алқаны» алу бақыты Закира Мұқымбекқызы мен Ғалия Қашаубаеваға бұйырды. Ал, «Күміс алқамен» Светлана Жұмаділова мен Венера Кентаева марапатталды.

Аймақ басшысы Президент жолдаған құттықтау хатты филология ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері Нұрсұлу Букетоваға табыстады. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы, әлеуметтану магистрі, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі Татьяна Резвушкинаны Ұлттық комиссия­ның Алғыс хатымен марапаттады.

– Аналардың мерекесі – өмірдегі ең ізгі мерекенің бірі. Себебі, ана – әрбір адам үшін ең аяулы, ең ардақты жан. Дүниеде анадан қымбат, анадан асыл жан жоқ. Бар жылуын бала тәрбиесіне арнайтын да, отбасылық дәстүрді сақтайтын да аяулы аналарымыз бен асыл әжелеріміз. Сондықтан Аналар мерекесі – біздің барлығымыз үлкен қуанышпен қарсы алатын жақсы бір мерекеміз. Болашағын ойлаған ел, ең алдымен, әйелдерге құрмет көрсетеді. Бұл – өмірдің бұлжымас заңы, – деді өзінің құттықтау сөзінде Ермағанбет Қабдулаұлы.

Мемлекеттік марапаттарды табыс­таған соң әкім жиынға қатысушы жандар­мен ашық әңгімелесті. Президенттің құт­тықтауын алған профессор Нұрсұлу Бу­кетова алғыс білдіріп, әйелдердің қо­ғамдағы орны мен беделі жөнінде сөз қоз­ғай өтті.

Балқаш қаласы Аналар кеңесінің тө­р­ағасы Альмира Мусина бала тәрбиесі жай­лы айтса, бес баланың анасы, оның ішінде үш қызы спорт шеберлігіне үміткер Мария Оспанова отбасы құндылығы жөнінде әңгімеледі.

«Batyl Jurek» қоғамдық қорының Саран қаласындағы филиалының басшысы Бибігүл Стецко қордың атқарып жатқан жұмыс­тарына тоқталды.

Қазақстан Республикасының жүзу спорты бойынша еңбек сіңірген жаттықтырушы Евгения Владимировна қазіргі уақытта параспортшыларды дайындап жатыр. Былтыр Азия ойынынан жүлделі орын алған Роман Потаповты жаттықтыр­ған. Жүзу спортына көрсетіліп жүрген мемлекет қамқорлығына ризашылығын жеткізді.

Қарқаралыдағы «Арман» шаруа қожалығының басшысы, кәсіпкер Наталья Александровна да жиында сөз алды. Мемлекеттік тілде еркін көсілген бес баланың анасы ауыл тіршілігіндегі ананың атқарар рөлін сөз етті.

Елу жылға жуық Осакаров аудандық ауруханасында дермато-венерологиялық кабинетінің медбикесі болып қызмет еткен Раиса Ильваниди ауыл медицинасына айрықша назар аударылғанын айтып, алғысын білдірді. Қарағанды университеті морфология кафедрасының профессоры Майда Түсіпбекова да медицина төңірегінде сөз қозғады.

«Тазалық Эксперт» ЖШС қызметкері Дидар Әбдікәрімова да мерекелік кездесуге шақырту алғанына алғысын білдіріп, «көше тазалығымен қоғам боп күресуіміз қажет» деді.

Шет ауданы, Жоғарғы Қайрақтыға қа­расты Майбас қыстағында жолдасына қол­ғабыс етіп, трактор теуіп, шөп шабатын Арайлым Байдашова шаруашылықтарының алдағы жоспарларымен бөлісті.

Мерекелік кездесу соңында Осакаров аудандық мәдени-демалыс орталығының музыкалық жетекшісі Анаргүл Наурызхан «Абзал ана» әнін шырқап берді. Жаны жадыраған меймандар Кеншілер Мәдениет сарайында өтетін мерекелік концертке жол тартты.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button