Әр дауыс маңызды
15-ші наурызда өтетін референдумды азаматтарға елдің жарқын болашағына әсер ететін маңызды шешімдерді қабылдауға тікелей қатысуға мүмкіндік беретін демократияның маңызды қадамы деп бағамдаймыз. Адамдар дауыс беру учаскелеріне келіп, өз ұстанымдарын білдірген кезде, олар тек өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырып қана қоймай, азаматтық қоғамның дамуына да өлшеусіз үлес қосады.

Референдумға қатысу жауапкершілік пен белсенділік мәдениетінің қалыптасуына игі ықпал етеді. Қоғамдық маңызы бар мәселелерді бүкпесіз талқылау, пікір алмасу және ашық диалог әділетті қоғамға әртүрлі көзқарастарды жақсырақ түсінуге және теңгерімді шешімдер табуға көмектеседі.
Сонымен қатар, референдум мемлекет пен азаматтар арасындағы байланысты нығайтады. Шешім халықтың тікелей қатысуымен қабылданғанда, бұл мемлекеттік институттарға деген сенімді арттырып, әрбір адамның пікірінің маңыздылығын көрсетеді.
Нақты бір мәселе бойынша азаматтың қандай көзқараста екеніне қарамастан, дауыс беруге қатысудың өзі белсенді азаматтық ұстанымның көрінісі болып табылады. Дәл осындай тетіктер арқылы адамдар ел тағдырына өздерінің қатыстылығын сезінетін және оның болашағы үшін жауапкершілік алатын кемел қоғам қалыптасады.
Арай АБИКЕЕВ
Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бойынша бөлімінің бас маманы



