Жаңалықтар

«Әр қазақ – менің жалғызым!»

2017 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Университетін тәмәмдап, Turkiye burslari бағдарламасының шәкіртақасын жеңіп алдым. Қазір Стамбул университетінде миграциялық саясат және зерттеулер мамандығы бойынша білім алудамын. Бағдарлама арқасында түрік тілін үйреніп, кәсіп ашып та үлгердім. «Алдағы уақытта тәжірибеммен, алған біліміммен бөлісіп, мемлекет дамуына үлес қосқым келеді.

Түркия елінде әлемнің әр түпкірінен түрлі ұлт өкілдері білім алуда. Мұнда келгеннің бәріне алдымен «тіл меңгеру керек» деген талап қояды. Тегін білім беріп, жағдай жасап отырған мелекеттің бірінші талабы – осы. Тіл білмесең оқуың былай тұрсын, жұмысқа орналаса алмайсың. Мынаны қараңыз. Бір жылда шетелдік 17 мың студент түрік тілін меңгерген. Былай қарасаңыз, осынша шетелдіктерге қыруар қаржы жұмсапты. Алайда, ана тілін жат-жұрттықтарға үйрету – ел алдындағы борышыңның бір ғана бөлігі. Міне, ана тіліне деген құрмет!

Мен секілді талай отандасым осы елде білім алуда. Студент болса да өз алдына кәсіп ашқандары жетерлік. Аудармашы, тіл курстары мен гид қызметін атқарып, табыс тауып жүр. Тіпті, тауар тасымалымен айналысатындары көп кездеседі. Мүмкіндікті пайдаланып, қолынан келгенін жасаған отандастарымның аяқ алысы мені қатты қуантады.

Мұнда келгелі онға жуық жобаға актер, модель болып жұмыс істедім. «Азиаттықтар» сұранысқа ие. Кастингке жиі шақырады. Бұл да маған берілген мүмкіндік шығар. Осы салада да бақ сынамақ ойдамын.

Грант жеңіп алған соң әлеужеліге бағдарлама жайлы ақпарат сала бастадым. Көп адам қызығушылық танытты. Сөйтіп, Әзімхан есімді досыммен «Merhaba Turkey» жобасын құрдық. Түркия университеті – мемлекеттік бағдарлама аясында білім береді. Білім беру жүйесімен таныстырып, ақылы және грант иелену мүмкіндіктері жайлы бағыт-бағдар нұсқаймыз. Авиабилеттер, жатақхана, түрік тілі курсы, тегін білім алу, шәкіртақы, медициналық сақтандыру бойынша вебинарлар жүргіземіз. «Әр қазақ – менің жалғызым!» (Сабыр Адай) Бауырларымның шекара асып, білім қуғанын жалғыз мен емес, барша ел қолдар. Ал, мен сол жандарға қол ұшын бергім келеді.

Абай КӘЛІМ.

ТҮРКИЯ.

Басқа материалдар

Back to top button