Қарағанды облысы – ел индустриясының қолқа тамыры саналатын, моноқалалары арқылы мұқым экономиканың тынысын айқындап отырған стратегиялық өңір. Бүгінде Теміртау, Балқаш, Абай және Шахтинск секілді кенді шаһарлардың тағдыры тек өңірдің ғана емес, тұтас елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген саясатқа сәйкес, осы жаңғыртып, әртараптандыру арқылы олардың жаңа даму кезеңіне өтуіне жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты.

Екінші тыныс
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында «Қазір өндірістік өнеркәсіптің 40 пайызы 27 моноқаланың еншісінде. Онда 1,4 миллион азаматымыз тұрады. Моноқалалардағы тыныс-тіршілікті одан әрі жандандыруға қатысты жан-жақты ойластырылған шешімдер қажет», – деп айқындап өткен еді. Ал, 2022 жылы Президент Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесті.
Президент Қарағандыдағы өндіріс ошақтарының едәуір бөлігі моноқалаларда шоғырланғанын атап өтіп, облыс халқының жартысына жуығы осы қалаларды мекендейтініне назар аударды. Сондықтан, қала халқының тұрмыс-тіршілігін ірі кәсіпорындарға тәуелді қылмай, оларға аутсорсинг қызметін көрсететін кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға, жаңа өнім өндіруге баса назар аудару қажет екендігін мәлімдеді.
– Елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, осы жоба аясында басқа да шағын қалаларда іргелі бастамаларды қолға алуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, Мемлекет басшысы моноқалаларды дамытуға қатысты ұстанымы турасында соңғы жылдары барлық Жолдауларында және ресми баяндамаларында да аталған бағыттағы саясаттың бас мақсаты – моноқалаларды жабу емес, керісінше ондағы тұрғындарды қолдау және олардың өмір сүру сапасын жақсарту екенін үнемі атап өтеді. Президент әрбір моноқалаға бірдей тәсілмен қарауға болмайтынын, олардың экономикалық әлеуеті мен даму мүмкіндіктері әртүрлі екенін айтты. Осыған байланысты, моноқалалар даму басымдықтарына қарай шартты түрде үш топқа бөлініп, әрқайсысына жеке қолдау құралдары қарастырылуда. Моноқалаларды жаңғырту стратегиясының негізгі тіректері – экономиканы әртараптандыру, жаңа өндірістер ашу, инфрақұрылымды жаңарту және инвестиция жұмылдыру. Сонымен қатар, бір ғана қала құраушы кәсіпорынға тәуелділіктен арылу мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Себебі, дәл осы тәуелділік мұндай қалаларды сыртқы нарықтағы өзгерістерге және өндірістік тәуекелдерге осал етеді. Аталған қағидаттар кейін Үкімет жұмысының негізіне айналды. Соның нәтижесінде моноқалаларда жүзеге асырылатын басым инвестициялық жобалардың тізімі жасақталып, индустриялық аймақтар құрылып, шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламалары кеңейтілді. Бұл жүйелі шаралар моноқалалардың тек өнеркәсіптік әлеуетін сақтап қалуды ғана емес, сонымен қатар, олардың ұзақ мерзімді тұрақты дамуына жаңа серпін беруді көздейді.
Облыста моноқала мәртебесі төрт қалада сақталып отыр. Олар – Теміртау, Балқаш, Шахтинск және Абай. Бұл қалалар өңірдің негізгі индустриялық тірегіне айналғанымен, әлі күнге дейін тау-кен және металлургия саласындағы қала құраушы кәсіпорындарға жоғары деңгейде тәуелді болып отыр. Бұған дейін аталған тізімде Саран шаһары да болғаны аян. Соңғы жылдары экономиканы әртараптандыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстар мен жаңа өндірістердің іске қосылуының арқасында Саран моноқала мәртебесінен шығарылды. Мұндай табысты жайт – Қазақстандағы индустриялық қалаларды жаңғыртудың табысты мысалдарының бірі ретінде бағаланып отыр.
Қарағанды үлгісі
Теміртау – дәстүрлі түрде елдегі қара металлургияның жүрегі саналады. Мұнда орналасқан Qarmet металлургиялық комбинаты тек қаланың ғана емес, тұтас облыстың өнеркәсіптік әлеуетін айқындайды. Ал, Балқаш қаласы тарихи тұрғыдан түсті металлургия орталығы ретінде қалыптасқан, мұндағы негізгі өндірістік күш – Балқаш тау-кен металлургия комбинаты. Шахтинск пен Абай қалалары – көмір өнеркәсібінің негізгі ошақтары. Бұл сала ондаған жылдар бойы халықты жұмыспен қамтып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келді. Дегенмен, қазіргі кезеңде көмір өндірісі технологиялық жаңғыру мен шикізатқа тәуелділікті азайту сияқты жаңа сын-қатерлерге тап болып отыр.
Мемлекеттік қолдаудың негізгі құралы – 2023 жылдан бастап, Қарағанды облысында іске қосылған «Кәсіпкер» өңірлік бағдарламасы дер едік. Бұл елге мәшһүр берекелі бағдарлама моноқалалар мен облыс орталығындағы кәсіпкерлердің көсегесін көгертті. Басты мақсаты – экономиканың басым секторларында ШОБ-ты қолдау арқылы жұмыспен қамтуды арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және сервистік экономиканы кеңейту. Бағдарламаның жалпы қаржыландыру көлемі 1,5 миллиард теңгені құрайды. Осы қаражат есебінен 41 жоба қаржыландырылды. Жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі: лак-бояу өнімдерін, темірбетон конструкцияларын, кондиционерлерді, жеңіл өнеркәсіп және тамақ өнімдерін өндіру кеңейтілді. Сонымен қатар, фитнес-клубтар, фотосалондар, мейрамханалар сияқты сервистік нысандар да біршама ашылды. Бағдарлама моноқалалардағы кәсіпкерлерге қолжетімді несие беру, гранттар ұсыну және инфрақұрылымдық қолдау арқылы жүзеге асып келеді.
Теміртау қаласы да осы бағытта белсенді жұмыс істеуде. Металлургия орталығы ретінде танымал қала Президент тапсырмасы бойынша агломерацияны дамытудың кешенді жоспарына енгізілген. Жоспарға сәйкес инженерлік желілер жаңғыртылып, инфрақұрылым жаңартылуда. «Кәсіпкер» бағдарламасы аясында Теміртаудағы кәсіпкерлер құрылыс материалдары, металл бұйымдары өндірісін кеңейтіп, агроөнеркәсіптік жобаларды іске асыруда. Қалада 20 мың шаршы метр аумақ кеңейтіліп, жаңа өндіріс орындары ашылуда. Бірыңғай қоғамдық көлік жүйесі енгізілді, электронды билеттеу және бірыңғай тариф қолданысқа енді. Бұл өз кезегінде шағын бизнеске қызмет көрсету сапасын арттырып, тұрғындардың өмір сүру ыңғайлылығын жақсартты.
Шахтинск қаласында да кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары нәтижелі жүзеге асуда. Көмір өндірісіне тәуелді қала Президенттің әртараптандыру саясаты аясында жаңа бағыттарды игеруде. Агломерация жоспары шеңберінде Шахтинск пен көрші елдімекендердің инфрақұрылымы жаңартылуда. Құрылыс материалдары өндірісі мен агроөнеркәсіп жобалары белсенді қолдау табуда. Қалада газ тарату желілерінің құрылысы аяқталып, ішкі орамдық желілер төселіп жатыр. Бұл энергетика шығындарын азайтып, экологиялық жағдайды жақсартып, кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Жалпы алғанда, Қарағанды облысындағы моноқалаларды дамыту жұмыстары кешенді сипатқа ие. Президент тапсырмалары бойынша іске асырылып жатқан шаралар – индустриялық аймақтар құру, Smart City технологияларын енгізу, инвестиция тарту және ШОБ-ты қолдау – моноқалалардың орнықты дамуына жол ашады. Нәтижесінде жұмыс орындары көбейіп, салық түсімдері артып, тұрғындардың әл-ауқаты жақсаруда.
Осылайша қазыналы Қарағанды елдегі индустриялық әлеуеті ең жоғары өңірлердің бірі ғана емес, моноқалаларды жаңғырту бойынша тәжірибелік алаңға айналып отыр. Бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың нақты нәтижелері алғаш рет Саран қаласында өткен «Болашақ моноқалалар» атты республикалық семинар-кеңесте кеңінен талқыланды. Аталған жиын Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен 2025 жылдың маусым айында ұйымдастырылып, Қарағанды өңірі елге үлгі ретінде көрсетілді.
Аймақ агломерациясы
Теміртаулық тұрғын Берік Махметтің айтуынша, Қарағанды облысы – елдегі ең урбандалған өңірлердің бірі. Оның сөзінше, аймақ халқының үштен біріне жуығы небәрі төрт моноқалада шоғырланған, ал бұл қалалар өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің жартысына жуығын қамтамасыз етіп отыр.
– Барлық моноқалаларда инфрақұрылымның тозуы, жастардың көші-қоны және шикізатқа шамадан тыс тәуелділік секілді ортақ мәселелер бар. Бірақ, Саран қаласының тәжірибесі дұрыс бағыттың бар екенін көрсетті. Ең алдымен инфрақұрылымды дайындап, содан кейін инвесторларды тарту, «зәкірлік» жобаларды іске қосу және шағын және орта бизнесті қолдау – нәтиже беретін жол осы, – дейді ол.
Берік Махметтің пікірінше, бастысы – жекелеген гранттармен шектелу емес, ірі кәсіпорындардың айналасында жүйелі түрде қалыптасқан кәсіпкерлік белдеуін құру.
– Егер біз Теміртау, Балқаш, Абай және Шахтинск қалаларын уақытында қайта жаңғырта алмасақ, онда тағы да халықтан айырылып, өндірістік әлеуетімізді әлсірету қаупі бар, – деп алаңдаушылық білдіреді ол.
Өңірде жүргізіліп жатқан саясаттың негізгі өзегі – ірі өндіріс ошақтарының айналасында шағын және орта бизнес белдеуін қалыптастыру. Мәселен, Qarmet компаниясының Теміртаудағы металлургиялық комбинаты немесе «Қазақмыс» корпорациясының Балқаштағы өндірістік кешендері көптеген шағын кәсіпорындардың дамуына ерекше серпін беріп отыр. Шағын кәсіпорындар ірі зауыттарға қызмет көрсетіп, қосалқы бөлшектер мен қажетті өнімдерді жеткізу арқылы жергілікті экономиканың құрылымын әртараптандыруға үлес қосуда.
Өңірде кәсіпкерлікті қолдау шаралары мемлекеттік «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның операторы – «Даму» қоры. Осы тетік арқылы кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеге, мемлекеттік кепілдікке, сондай-ақ, қайтарымсыз гранттарға қол жеткізіп, жаңа жобаларын іске асыруға мүмкіндік алып отыр.
Моноқалаларды дамыту жұмыстары облыстық деңгейдегі ұзақ мерзімді жоспарлаумен де ұштасып отыр. Бұл ретте «2025-2029 жылдарға арналған Қарағанды агломерациясын кешенді дамыту жоспары» құжаты негізгі бағдар болып саналады. Аталған жоспар өңірдің барлық негізгі өнеркәсіптік қалаларын қамтып, шағын және орта бизнес субъектілерінің санын арттыруды, жаңа жұмыс орындарын ашуды және өңдеуші өнеркәсіптің үлесін ұлғайтуды көздейді. Мәселен, Теміртауда металлургиямен қатар қосымша өндірістерді дамытуға басымдық беріліп, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу мен құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар іске қосылуда.
– Моноқалалардағы шағын кәсіпкерлікті дамытуға қазір 7-10%-бен субсидияланған несие, 85%-ға дейін кепілдіктер, әйелдер мен жастарға арналған гранттар секілді нақты мүмкіндіктер бар. Мен кішкентай сервистік цех аштым, көмегі тиіп жатыр. Бірақ мәселе мынада: ірі «зәкірлік» жобаларсыз шағын және орта бизнес бір қалаға төтеп бере алмайды. Саран қаласы озықтығын дәлелдей алды. Инфрақұрылымын алдын ала жасақтап, инвесторларды тартқанда ғана жүйе жұмыс істейді. Қалған төрт қаламызда да осылай жасалады деп үміттенеміз, – деп пікір қосады жеке кәсіпкер Аружан Төлегенова.
Сонымен, түптеп келсек, моноқала – өткеннің мұрасы ғана емес, егемен еліміздің өнеркәсіптік алтын қоры. Дұрыс жол таңдалса, жаңа өсу нүктелері, жаңа жұмыс орындары және ертеңге деген сенім бекиді. Осы төрт қаланың өз мінезі, өз тарихы және өз жолы бар. Мәнді мақсаты – мықтырақ, өмір сүруге жайлы бола түсу. Билік, бизнес және халық бірлесе жұмыс істесе, ең күрделі индустриялық қалалар да жаңа, жарқын болашаққа ие бола алады. Президент пәрмені де осыны діттейді.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



