Коронавирус

Құрғақ жөтел – COVID-тен кейінгі синдром белгісі

Коронавирусты инфекция жұқтырып, ауырғандардың 20%-ында COVID-19-дан кейінгі асқыну байқалады екен. Бұл туралы кеше орталық комуникациялар қызметінде өткен «Вирустық аурулардың алдын алу, иммунитетті нығайту, постковидтік асқынулар» тақырыбындағы брифингте айтылды.

Брифинг басында сөз алған Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының  ішкі аурулар кафедрасының профессоры Сәуле Қасенованың айтуынша, науқас вирустан жазылса да оның белгілері ұзақ уақыт кетпеуі мүмкін.

– Коронавируспен ауырған науқастарда вирус белгілері біршама уақыт сақталады. Олардың  қанша уақытқа созылатындығын сұрап келетіндер көп. Негізінен, ауырған адамдарда коронавирус белгісі 3 айға дейін, қатты ауырғандарда 2 жылға дейін сақталуы мүмкін, – деді С.Қасенова.

Профессордың айтуынша, келетіндердің көбісін ұзақ уақытқа созылған құрғақ жөтел мазалайды екен.

– Келесі белгісі – ентігу. Сосын әлсіздік жиі байқалады. Науқас бұрын істеп жүрген шаруаларына шамасы келмей қалатын жағдайлар бар. Кейбіреулерде бас ауырып, басы айналады. Жүрегі ауыруы мүмкін. Тіпті, ұйықының бұзылып, жадының нашарлауы да кездеседі. Бұл белгілердің барлығы коронавирустан екенін білсе екен деймін. Қазір бұлар туралы ақпараттар бар және оларды емдеуге болады, – деді ол.

Осындай жағдайға шалдыққан науқастар үнемі емдеуші дәрігерімен байланыста болып, өз денсаулығын бақылап жүруі қажет.

Брифингте мамандар иммунитетті көтеру үшін нақты бір ұсыныстар болмағынмен, Д, В, С дәрумендер тобының, магний мен мырыштың тиімді екенін атап өтті.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button