Қарағанды облысының прокуратурасы «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында құқықбұзушылықтың алдын алуға арналған QR-кодтар әзірледі. Халықты ақпаратпен кеңінен қамту үшін QR-код қоғамдық көліктерге, білім беру мекемелеріне, мемлекеттік мекемелерге және басқа да халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарға қойылады. Оның мазмұны жаңа өзекті тақырыптармен және бөлімдермен толықтырылып отырады.

Жоба Қарағанды облысының прокуроры Бауыржан Мырзакеровтің төрағалығымен автобус парктері, есептеу-сервис орталықтарының басшылары, еріктілер және мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде таныстырылды. Жиында QR-кодтарды орналастыру және тарату мәселелері талқыланды.
– QR-кодты дайындаудағы мақсат – халыққа маңызды құқықтық ақпаратты ыңғайлы әрі жедел жеткізу. Азаматтарға интернет-алаяқтық, есірткі қылмыстары, дропперлік, жол қауіпсіздігі, жанжал жағдайлары және интернеттегі этика туралы негізгі мәліметтерді қамтитын қысқа иллюстрацияланған брошюралар әзірленді, – деді Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары Ержан Бердібеков.
Халықтың кең ауқымын қамту үшін QR-кодтар адам көп жиналатын орындарға, ойын-сауық нысандарына, қоғамдық көліктерге және коммуналдық ұйымдардың түбіртектеріне қойылады.
Облыстық прокуратураның бірінші басқарма бастығы Алмас Бекмағамбетов QR-код арқылы тұрғындар мүлікті қорғау, отбасы-тұрмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу, қауіпсіз мінез-құлық, жасөспірімдер арасындағы профилактика және киберқылмыс туралы ақпараттармен таныса алатынын айтты. Сондай-ақ, тұрғындар аймақ прокуратурасының телеграм-арнасына өтіп, «Они психологи», «Закладчики» сияқты деректі фильмдерді көре алады.
– QR-кодтарды біздің қызметкерлер жасады, ешқандай шығын болған жоқ. Қазіргі жастар заманауи әрі креативті. Олар қысқа ақпарат мен бейнелерді тез қабылдайды. Сондықтан, QR код арқылы өтіп, қысқаша түсіндірмемен таныса алады. Менің ойымша, кім-кімнің де құқықтық сауаты болса, жағымсыз жағдайлардан аулақ болады, – деді Қарағанды облысы прокуратурасының бірінші басқарма бастығы Алмас Бекмағамбетов.
Жиынға қатысушыларға «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында іске асырылып жатқан шаралардың негізгі бағыттары таныстырылып, өңірдегі қылмыстық ахуал бойынша өзекті мәселелер талқыланды.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»



