Бас тақырып

«QazTehna»: заманауи зауыт, серпілген Саран

Қарағанды – өндірістің ошағы. Кәсіпорындарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау қомақты. Инвестиция әкелген игілік те бар. Сондай іргелі кәсіп­орындар жергілікті жұртқа тәуір жалақымен жұмыс беріп отыр. Сөйтіп, өндіріс өңірді өркендетуде. Солардың ірісі Саран индустрия­лық аймағында шоғырланған. «QazTehna» ЖШС – Саранға серпін беріп отырған кәсіпорынның бірі.

Суреттер кәсіпорынның баспасөз қызметінен

QazTehna. Бренді қалыптасып, қанаты қатайған кәсіпорын. Төрт жылдың ішінде тек Қарағанды автопаркін ғана жаңартқан жоқ. Елорда, Шымкент, Алматы және еліміздің басқа да қалаларына автобус құрастырып беріп отыр. Күніне төрт-бес автобус жолға шығады. Заманауи жабдығы толық зауыттың жыл сайын өндірістік қуаты сәйкесінше өседі.

Мұндағы жеті жүзден асатын жұмысшылардың жетпіс пайызы Саран қаласының жергілікті тұрғындары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі Жолдауында Саранда өндіріс орындарының іске қосылып, соның арқасында елдімекеннің моноқалалар санатынан шығарылғанына тоқталып, осы тәжірибені қолдану қажеттігін үлгі еткен еді. Бұған «QazTehna» ЖШС-нің тигізіп отырған үлесі үлкен.

Автобус құрастыру зауыты – Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба. Бір бөлігін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржыландырды. Яғни құны 11,9 млрд теңге болатын жобаға қор 6,2 млрд теңге құйды. 5 пайызбен берілген несие 10 жыл ішінде қайтуы тиіс. Ал, 5,7 млрд теңге – инвестордың үлесі. Серіктесі – әлемдегі ең ірі автобус өндіретін Yutong компаниясы.

Алғашында қала ішіндегі, қалааралық маршруттарды, балалар автобусын шығаратын зауыттың өрісі бүгінде кеңейген. Қазір туристерге арналған автобусты, кез келген жүк көлігін құрастырады. Енді елдегі кәсіпорын, өндіріс ошақтары жүк көлігін ат арытып алыстан тасымайды. Қалтасын қақпайтын бағаға «QazTehna» ЖШС-нен алып, шаруасына жаратады.

Тұтынушы тарап тапсырыс берсе болды, қалағанындай әзірлеп беретін өндірістік қауқар бар. Бүгінгі күні олар «ҚазАвтоЖол ҰҚ» АҚ-ның қыста қар тазалайтын, құм төсейтін жүк көліктерін дайындап жатыр. Тіпті, өрт сөндіру көліктеріне дейін дайындап бере аламыз дейді.

«QazTehna» зауыты 2021 жылы 165 автобус, 2022 жылы 568 техника, былтыр 1579 техника құрастырса, биыл бұл межені 1648-ге жеткіземіз дейді. Сәйкесінше зауытқа тапсырыс төпелеп түскен сайын жұмыс орны да ашылады. 2025 жылы мың адамға жұмыс береді. Бұл әлі QazTehna-ның өндірістік қуаттылығы толық іске қосылмады деген сөз. Қызметкерлер саны мыңға жеткенде жылына 1200 автобус пен 500 арнайы техника шығарады.

Кәсіпорын негізінен Оқу және ағарту министрлігімен шартқа отырған. Яғни, балаларды тасымалдау үшін мемлекеттік стандартқа сай келетін автобустарды шығарады. Өндіріс іске қосылғаннан бері зауыттан шыққан 428 балалар автобусы жолда жүр.

Зауыт кедергісіз жұмыс істеуі керек. Әр цехтағы жұмысшының атқаратын өзіндік міндеті бар. Бастысы мінсіз болу керек. Дәнекерлеу цехы, бояу цехы мен құрастыру цехындағы шаруа тарс-тұрс. Сағаттың тілі секілді үздіксіз қозғалыста. Алдымен автобустың қаңқасы дәнекерленеді. Осындай 18 бекет бар. Дәнекерлеушілер кондуктордың басынан кірген қаңқаға 8 кезең бойынша еден, қапталы мен төбесін бекітеді.

– Дәнекерлеу барысында металды қыздырып отырамыз. Қыз­ған металдың бекітпесі сапалы шығады. Әйтпесе, біраздан кейін сынып кетуі мүмкін. Біздің цехтан шыққан қорап тексеріліп, бояу цехына жөнелтіледі, – дейді дәнекерлеу цехының шебері Евгений Терий.

Бояу цехында құрғату, бояу және тегістеп жылтырату камералары бар. Осы бір цехтан боянып, сырланып әдемі кейіпке енген қорап құрастыру цехына барады. Қозғалтқыш сынды бөліктері, барлық бөлшектері осында орнатылады. Рулі, орындықтары, жалпы айтқанда, ішкі интерьері де жабдықталады.

Отандық өнеркәсіп отандық шикізатты тұтынуы керек деген талап бар. Аккумулятор, шина сияқты керек-жарақты елдегі өндірушілерден сатып алады. Мұнда жергілікті өнімді кәдеге жаратудың үлесі қырық пайызға жуықтады. Алдағы уақытта құрастырылатын техниканың жарты бөлшегін отандық өнімнен тұтынамыз дейді зауыт басшылары.

– Толық құрастырылған автобус бірнеше тексеріс түрінен өтеді. Бұл үшін арнайы жабдықталған ғимарат қарастырылған. Тежегіші, жарық шамдары, білікке түсетін қысым, ауаға шығаратын газ мөлшері егжей-тег­жейлі сыналады. Желдің, судың ішке өтпеуін тексереді. Еденнен су өтпеуін тексеретін арнайы хауыз қазылған. Ішіне 40 см деңгейінде су құйылған. Автобус осы сумен сағатына 25 шақырым жылдамдықпен жүріп өтеді. Арғы жағаға шыққанда зертханашылар авто­бустың іші-сыртын түгел қарайды. Жаңбырға төзімділігі тексеріледі. Қос қапталынан, жоғарыдан су шашатын гаражға кіргізіледі. Әбден тексеріліп, оң баға алған көлік қана тұтынушыға жол тартады, – дейді «QazTehna» ЖШС директоры Арғұлан Майқонов.

Зауытқа дәнекерлеуші, автослесарь мамандығы бойынша жұмысшылар қажет. Мұнда маман дайындауға айрықша көңіл бөлінеді. Облыс бойынша бірнеше колледжбен дуальді білім беру жөнінде келісім жасалған. Студенттер зауытқа келіп, теория­дағы білімін тәжірибемен ұштастырады. Өндірістік тәжірибеде өзін үздік көрсеткен студенттерді зауытқа жұмысқа тартады. Мұнымен қоса, кәсіпорынның корпоративтік университетінде қыз­меткерлердің санатын көтереді, өндіріс басшыларын оқытады, өндірістік бағыттар бойынша кадрлар даярлайды.

– Мен зауытқа қатардағы слесарь ретінде қабылдандым. Өндіріспен қатар өсіп, өркендеп келемін десем де болады. Ұтымды тәжірибе жинадым. Зауытта жаңадан келушілерге корпоратив университеті жұмыс істейді. Онда біліміңді толықтырып қана қоймай, өнеркәсіптің сан қырлы құпиясын үйреніп, білуге болады. Өзімді жетілдірудің арқасында жарты жыл бойы электр машинасын жүргізуді қосымша үйреніп алдым, – дейді жас маман, «QazTehna» ЖШС құрастыру цехының шебері Нияз Тұрсынов.

Ұжымның жетпіс пайызы Саран тұрғындары екенін жоғарыда айта кеттік. Тоқырау жылдарында тұралап, кейін тоз-тозы шыққан зауыттың тамырына қайта қан жүгірді. Зауытпен бірге Саран қаласы да қайта қайратын жинады.

«Автокөлік құрастыру ісінде оң нәтижелер бар. Осы қарқынды сақтап, жергілікті өндіріс көлемін ұдайы арттыру керек. Мемлекеттің автокөлік өнеркәсібіне көрсетіп жатқан жан-жақты қолдауы түптің түбінде толыққанды автокөлік құрастыру кластері ретінде елдің игілігіне айналуы қажет», – деді Президент Жолдауында. Зауыттың мақсаты да сол – отандық автопаркті толық жаңартып болған соң экспортқа шығу. ЕАЭО құрамындағы өзге де елдермен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button