АймақБас тақырып

Qazaq style: Қарағандылықтар ұлттық киімді дәріптеді

Ұлттық киім күніне орай кітапхана жастары ерекше бастамамен көзге түсті. «Qazaq style: дәстүрден трендке» атты флешмоб ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарды жаңаша форматта насихаттаудың жарқын үлгісі ұсынылды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Іс-шараның басты мақсаты – қазақтың ұлттық киімдерін заманауи үлгіде дәріптеу, жастар арасында ұлттық мұраға деген қызығушылықты арттыру. Флешмобқа қатысқан жастар ою-өрнекпен көмкерілген камзол, шапан, сәукеле, тақия сынды ұлттық киімдерді қазіргі сәнмен үйлестіріп, ерекше образдар ұсынды. Бұл дәстүр мен заманауи стильдің үйлесімді үндестігін көрсетті.

Флешмоб барысында қатысушылар ұлттық киімнің тек мерекелік немесе сахналық элемент емес, күнделікті өмірде де қолдануға болатын сәнді тренд екенін дәлелдеді. Ұлттық салт-дәстүрлер төңірегінде қойылған сұрақтарға жауап берген қала тұрғындарына дәмді бауырсақтар ұсынылды. Әлеуметтік желілерде таралған бейнероликтер мен фотосуреттер көпшіліктің назарын аударып, оң пікірлерге ие болды.

Ұлттық киім – ұлттың айнасы, тарихы мен мәдениетінің көрінісі. Оны дәріптеу – әрбір азаматтың парызы. Осындай бастамалар арқылы жастар өз тамырын тереңірек танып, дәстүрге деген құрметін арттыра түседі.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button